Жаңа оқу жылы штаттық режимде басталады деп жоспарланып отыр. Алайда соңғы шешімді ВАК пен мемлекеттік бас санитариялық дәрігер қабылдайды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева мәлім етті.
«Жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастау үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сабақ кестесі барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып құрылады. Оқушылар мен мектеп қызметкерлері маска режимін сақтайтын болады. Мектепке кірер алдында дене температурасы өлшенеді. Қажет болған жағдайда оқушылар қосымша ауысыммен оқиды. Мұғалімдер тиісті сабақ кестесін құрайды. Біздің педагогтар осы жүйе бойынша былтыр жұмыс істеген, сондықтан бұл бағытта олардың тәжірибесі бар», - деді Светлана Төлебаева.
Спикердің айтуынша, биыл облыста 166 мыңға жуық оқушы бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 мың балаға көп. 18 940 бала бірінші сыныпқа барады.
«1 тамыз күні портал арқылы электронды түрде 1 сыныпқа қабылдау бойынша мемлекеттік қызметті көрсету аяқталды. Дегенмен, дәлелді себептермен кешігіп қалған балалардың құжаттары қағаз түрінде қабылданады», - деді Светлана Төлебаева.
Айта кетейік, биыл мектептердегі санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мақсатында 108 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа қажетті жабдықтар сатып алынды. Мектеп дәліздері мен асханаларда адам санының көбеюіне жол бермеу мақсатында сабақтар арасында үзілістер қарастырылған.