Маңғыстауда 2021 жылдың 25 шілдесінде 10 ауылдық округте сайлау өткізіледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға өңір бойынша 4 аудан қатысады. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде МО Сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов мәлім етті.
Оның айтуынша, Бейнеу ауданындағы Сарға, Есет, Төлеп, Сам ауылдық округтарының әкімдері сайланады. Аталған округтарда 5 сайлау учаскесі бар. Сайлаушылар саны - 2380 адам құрайды. Қарақия ауданында Құланды ауылдық округінің әкімі сайланады. Округта 1 сайлау учаскесі бар. Сайлаушылар саны 837 адам. Маңғыстау ауданында 4 ауыл әкімі сайланады. Олар Жармыш, Қызан ауылы мен Онды, Тұщықұдық ауылдық округі. Онда 5 сайлау учаскесі болады. Сайлаушылар саны – 4040 адам. Түпқараған ауданы бойынша Ақшұқыр ауылының әкімі сайланады. Ауылда 3 сайлау учаскесі бар. Сайлаушылар саны 6502 адамды құрайды. Барлығы 4 аудан бойынша 13759 сайлаушы қатысады.
«Бүгінгі күні 2-шілдедегі мәліметке сәйкес облыста 22 кандидат ұсынылған. Кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған адам кандидат бола алмайды. Сондай-ақ ҚР азаматы жасы 25 жастан кіші болмауы шарт», - деді Асқар Рзаханов.
Облыста сайлауды ұйымдастыруды және өткiзудi қамтамасыз ететін 1 облыстық, 4 аудандық сайлау комиссиялары қызмет атқаруда. Комиссиялардың жұмысын жүргізу үшін аумақтық сайлау комиссияларынан – 35, учаскелік сайлау комиссияларынан – 88 мүшелері тартылады. Сайлау науқанының жалпы ұзақтығы 1 ай. Биылғы «Сайлау туралы Конституциялық заңға өзге түзетулерге» сәйкес - Сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» бағаны енгізілді. Қорыта айтқанда сайлау науқаны жоспарлы түрде жүргізіледі.