ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Германиядағы жаңартылатын энергия көздерінің жетекші әзірлеушісі және жоба инвесторы "Svevind Energy GmbH" компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесуді ГФР-дағы ҚР Елшілігі Маңғыстау облысының әкімдігімен және "KAZAKH INVEST "ҰК"АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кеңес барысында С.Трұмов баламалы энергия көздері болашақта энергия өндірудің барлық дәстүрлі әдістерін ығыстыра алатын ең перспективалы ресурстардың бірі болатынын атап өтті.
- Сутегі энергетикасын дамыту – бұл еліміздің де, өңіріміздің де барлық стратегиялық жоспарына толық сәйкес келетін жаңа бағыт, - деді облыс әкімі.
"Svevind Energy GmbH" компаниясының директоры Вольфганг Кропптың айтуынша, делегация сапарының мақсаты - Маңғыстау облысында "жасыл" энергетика жобаларын әзірлеу және одан әрі дамыту. Күн мен желден алынатын 30 ГВт энергия есебінен жасыл сутегі өндіру зауытын салу және пайдалану жоспарда бар. Жаңартылатын энергиямен жұмыс істейтін зауыт электролизерлердің көмегімен жылына 2 млн.тонна жасыл сутегі өндіреді деп жоспарлануда. Компания өкілдері жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін қарап, Маңғыстау облысының салалық басқармаларымен және департаменттерімен келіссөздер жүргізді.
Өндірілетін сутектің бір бөлігін Еуропа мен ҚХР-ға жөнелту жоспарланып отыр, бір бөлігін Қазақстанда шикізат ретінде түрлі салаларда одан әрі пайдалану үшін жасыл аммиакқа өңдемек. Компанияның Қазақстандағы сутегі мен аммиак өндірісі алдағы 5-10 жылда қарқынды дами түседі деп күтілуде.
Компания басшылығының айтуынша, нақты келісімдерге қолжеткізілді. Бұл енді қолда бар ресурстар мен инфрақұрылымды жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Кездесу нәтижесінде Маңғыстау облысының әкімдігі, "Kazakh Invest" ҰК "АҚ" және Svevind Energy GmbH " компаниясы жобаны одан әрі іске асыру туралы меморандумдарға қол қойды, делінген Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.