Кеше теңіз жағалауында Маңғыстау жастарының ұйымдастыруымен "Домбыра думан" өтті. Шараға өңірдің бір топ күйші, әншісі мен қала тұрғындары жиналды. Әлия Қарамұхан бастаған жас домбырашылар жағалауды қоңыр үнге толтырып, теңіз толқынын күйге ойнатты.
Сонымен қатар мерекелік шара "Ақтау" ойын-сауық кешенінде жалғасты. Онда аймаққа белгілі әнші, домбырашылар Абай атындағы мәдениет үйі оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Рухани кешке жиналған қала тұрғындары мен қонақтары есті ән мен күйді тыңдап, құлақ құрышын қандырды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан шара Түпқараған, Бейнеу, Қарақия аудандарында жалғасын тапты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН