Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Сауабы мол іске ат салысу – әрбір адамның азаматтық парызы. Мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетуді мақсатымыз деп санайды сержанттар.
2021 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері «Сержант күнін» атап өтеді. Биыл сержанттар корпусының құрылғанына 25 жыл.
Мерекеге орай Ақтау гарнизоны теңіз жаяу әскери бригадасының 150-ге жуық сержанты спорттық сайыстар ұйымдастырып, 25 шақырымға жүгіріп жарысты. Сонымен қатар, олар өңірдегі аз қамтылған, көмекке мұқтаж 25 отбасыға қажетті азық-түлік апарып берді.
- Бүгін біз әр түрлі әлеуметтік топ өкілдеріне азық-түлік алып беріп қолдау көрсеттік. Оның ішінде жалғызбасты қариялар мен көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен отбасылар бар. Арнайы барып, жағдайларымен таныстық, - деді теңіз жаяу әскері гвардиялық бригадасының 1-сыныпты сержанты Саят Исабаев.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қазақта жақсы сөз бар. Теңіз жаяу әскері гвардиялық бригадасының қызметкерлері мұндай қайырымдылық шараның алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.