Бүгін “Nur Otan” партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырысқа кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Берік Бақытжанұлы төрағалық етті.
Жиын барысында 2025 жылға дейінгі "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!” атты Маңғыстау облыстық сайлауалды бағдарламаның “Білім беру сапасын жақсарту” бағыты бойынша 1-тоқсанда атқарылған жұмыстар айтылды.
«Бүгінгі таңда облыс бойынша үш ауысымды 15 мектеп бар. Осы мәселені шешу мақсатында жыл соңына дейін 2 мектеп ашу жоспарланып отыр. Бұл аталған көрсеткішті 10,5 пайызға төмендетеді. Биыл Ақтау қаласынан 1 500 орындық 2 мектеп пайдалануға беріледі, 5 400 орындық 5 мектептің құрылысы мен 3 мектепке 862 орындық қосымша құрылыс басталады. Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмы арқылы Ақтау қаласының жаңа шағынаудандарынан 3 мектеп салу жоспарланды. Қазіргі уақытта Ақтау қаласының әкімдігімен бірлесіп жер учаскесін рәсімдеуге қатысты жұмыстар жүргізілуде. Жалпы 2025 жылға дейін 30 мектеп құрылысын салу арқылы өңір мектептеріндегі үш ауысымда оқыту мәселесін түбегейлі шешу көзделді", - дейді Маңғыстау облыстық Білім басқармасының басшысы Светлана Тулебаева
Оның айтуынша, биылдан бастап 5 жыл ішінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан 103 мектепті кезең-кезеңмен жаңғырту басталады. 2021 жылы барлығы 22 мектепті ағымдағы жөндеу жұмыстары мен жаңа модификациялы кабинеттер сатып алу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар “Nur Otan” партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесінің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, бекітілді.