"Nur Otan" партиясы Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері вакциналау пункттеріне мониторинг жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыс бойынша 38 вакциналау пункті жұмыс істеп тұр. Оның 12-сі Ақтау қаласында орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін партиялық бақылау комитетінің ұйымдастырушылық жиналысы өткен. Жаңа құрам жасақталып, жұмыс жоспары бекітілді. Соған сәйкес вакциналаудың өзектілігін ескерген мамандар алдымен егу пункттеріне мониторинг жүргізу туралы ортақ шешімге келді.
Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Ақтау қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Аида Ертілеуова мәлімдеді.
«Бірінші кезектегі міндетіміз - жүйелі бақылауды қамтамасыз ету. Біз азаматтардың өтініштері бойынша жұмыс істейміз және қоғамдық пікірді ескере отырып, сонымен тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне талдау жүргізіп, жұртшылықпен ашық форматта жұмыстануды көздейміз. Қазіргі уақытта шаһардағы барлық егу пункттеріне мониторинг жүргізуді көздейміз. 12 егу пункттерінің 5-де болдық. Вакциналар сақталатын мұздатқыштарды қарап шықтық. Әзірге арыз-шағымдар түскен жоқ. Алайда кез-келген арызды қарауға дайынбыз», - дейді Аида Балқашбайқызы.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері бүгін «Ясин» және «Сенім» жеке медициналық клиникалары, сонымен қатар N1 Ақтау қалалық емханасында болды. Бұған дейін комиссиясының мүшелері Yessenov-University және "Нейрон" медициналық клиникасында орналасқан егу пункттерінің жұмысымен танысты. Алдағы уақытта тағы 7 егу пунктіне мониторинг жүргізіледі.