Маңғыстауға "Елбасы жылуы" қайырымдылық акциясы аясында 71 отбасыға азық-түлік жиынтықтары мен бірінші қажеттіліктегі тауарлар берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облысқа 9,5 тонна гуманитарлық жүк келген. Осы ретте бір топ маңғыстаулық волонтер азық-түлік, гигиена құралдары мен тұрмыстық заттар жиналған фургонды қарсы алу, жүкті түсіру, сұрыптау жұмыстарына атсалысты. Содан соң жастар ұйымдарымен бірлесе 9 мамырға дейін ардагерлердің үйіне тиісті азық-түлік жиынтығын жеткізді.
"Елбасы жылуы" акциясы - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жасалған қайырымдылық шара. Акция осы уақытқа дейін елдің бірнеше өңірінде, яғни Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарында өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр отбасы жалпы салмағы 130 келі болатын тауарлар жиынтығын алады. Онда ұн, картоп, сәбіз, пияз, қант, макарон, өсімдік майы, шай, тұрмыстық химия және гигиена құралдары бар. Ал тізімдер Маңғыстау облысы әкімдігімен дайындалып, ұсынылған.