Биыл егемен еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы отыр. Еліміздің нығаюына, өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсап, елеулі еңбек сіңірген өңіріміздің әр тұлғасына құрмет көрсетіп, өмірден өткендеріне тағзым ету – қашаннан бәрімізге ортақ парыз.
Біз бәріміз де – кешегі Ұлы Отан соғысының зардабы мен жетімдік қамытын арқалап өскен ұрпақтың бүгінгі өкіліміз. Бұл аты өшкір соғыс – адамзат тарихындағы теңдесі жоқ оқиға ретінде тарихтан ойып тұрып орын алғаны тарих парақшаларында сайрап тұр. Иә, заман ауысар, алайда майданда төгілген қан, тылдағы жетім-жесірдің маңдай тері мен көз жасы әлі талай ұрпақтың, біздің немере-шөберелеріміздің жадында қалатыны айдан анық.
Отанын жаудан қорғап, ел басына қауіп төнгенде туған жердің қарсы сүйемін дұшпанға бермеймін деп кеудесін оққа тосқан аталарымыз бен әжелерімізді әр кез еске алып, рухтарына тағзым етеміз. Соғыста көзсіз ерлік көрсетіп, боздақтар қатарында қаза тапқан майдангер жерлестеріміздің бірі, ІІІ дәрежелі «Даңқ» және «Қызыл жұлдыз» ордендерінің иегері Қайырылхан Мұқанов хақында сыр шертпекпіз.
Талай арыстан ерлерді ажалдай жалмап, әлемді аузына қаратқан Екінші Дүниежүзілік соғысының аяқталғанына да биыл 76 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін қара халықтың көбі отбасындағы әкелері мен ағаларының, яки аталарына қатысты құжаттарын таба алмастан, тіпті сүйегі қай жерде қалғанын білместен келді. Жуырда өздеріңізге мәлім, ресейлік іздестіру тобы Новгород облысы Холм қаласында бұрын белгісіз болған жаппай жерлеу орнынан үш қазақстандық жауынгердің сүйегін тапқан болатын. Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан сарбаздардың есімі жерлеу орнынан табылған медальондар көмегімен анықталған. Қазір олар қазақстандық жауынгерлердің туыстарын іздестіріп жатқандығы туралы ақпараттар жарыса жазылған болатын. Сонымен қатар ресейліктер «Память народа» деген интернет сайтын ашып, майдан даласында қаза тапқан сарбаздардың туыстарына, ұрпақтарына ескі құжат көшірмелерін жариялап, үлкен сауапты дүние жасауда. Осы орайда Ленинград, Сталинград, 2-Беларуссия, Польша жерлерін азат етуге қатысқан жерлесіміз Қайырылхан Мұқановқа қатысты құжаттарын тауып, редакцияға туысы Нұрзия Мұқанова арнайы келді.
Иә, соғыс зардабын басынан өткізіп, тағдыр-тауқыметін тартпаған біздің елде ешбір отбасы жоқтың қасы. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріден бастап соғыстың салған жаралы жолымен өтіп, қиянаттың белшесіне батқаны бүгінгі тарих беттерінен қарайлап шынында-ақ көңілің құлазиды. Әлі күнге дейін ортамызда сол күндердің куәсі болған кеудесі тарихтың күнтізбесін жадында сақтап келе жатқан данагөй ата-әжелеріміздің қатарлары күн өткен сайын сиреп-сиреп таяздап барады...
Ақтау қаласының тұрғыны Нұрзия Қаратайқызы әкелген құжаттарға көз салдық.
Қайырылхан Мұқанов 1922 жылы (кей құжаттарда 1923 ж.т. делінген) Шетпе ауыл кеңесінде дүниеге келген. Әкесі Мұқан ақсақал 1900–1934 ж.ж. аралығында өмір сүрген. Анасы Мәздімхан Алдашқызы жолдасы өмірден ерте өткеннен кейін, артында қалған 5 баласымен жесір қалады. Балаларының тұңғышы Қайырылхан, одан кейін қызы Хадиша, қалғандары Қаратай, Жоламан, Жаннатғали атты ұлдары қалады. Артынша Жаннатғали сәби кезінде шетінеп кетеді.
Үйдің тұңғышы Қайырылхан бала кезінен қарапайым, салмақты, бияз өңді болса керек. Анасының айтқанын екі етпей, бар шаруаны тиянақты атқарып, нағыз шаруаның іскері болады. Өзінен кейінгі іні-қарындастарына қолғабыс жасап, еңбекке ерте бейімделеді.
1942 жылы қаршадай жас жігіт өз еркімен сұранып, жолдас, қатарластарымен сап құра сұрапыл майдан даласына аттанады.
Бала кезінен мергендікпен айналысқан ол соғыста бірден «снайперлікпен» көзге түседі. Атақты Сталинград шайқасы, Ленинград блокадасын бұзуға қатысады. 46- Стрелковый Лужская дивизиясы 314-полкының 8-снайперлер ротасының «снайпері» қызметін атқарады.
– Қайырылхан атамыздың туған кіші інісі Жоламан әкеміз 1985 жылы СССР-дің Қорғаныс Министрлігіне хат жазып, жерленген жерін іздестіріп, тек екі рет жарақаты туралы анықтама қағазын ғана алған. Негізінде мұрағатта көрсетілгендей бес рет, оның үшеуі ауыр жарақат деп тұр. 1942 жылы бір рет, 1943 жылы екі рет, 1944 жылы екі рет. Алғашқы соғыс жолын 06.02.1942 жылғы ұрыстан бастаған, – дейді атасының мұраларын көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпағына жинақтаушы немере туысы Сәтжан Жоламанқызы.
Қайырылхан 8-атқыштар ротасының атқышы бола жүріп, 1944 жылы 17-18 қыркүйекте болған шайқаста жаудың қатты шабуылына батальон штабының алға жылжып келе жатқан ротасымен болған шайқаста 3 фашисті жер жастандырады.
Ал 1945 жылы қаңтар айының 15-і күні Польшаның Пултуск қаласы маңында болған кезекті ұрыста ол бірінші болып қарсы шабуылға тойтарыс береді.
Өжет елдің жігіті,
Өшін алмай шыдар ма?
Кескілескен дұшпанын,
Кесіп түспей тынар ма? – деп майдангер ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, сол жерде көзсіз ерлік жасап 4 немістің көзін жояды. Осы ерлігі үшін оны полк командирі, подполковник Мельников наградаға ұсынады. Награда қағазына үңілсек: «В бою 15.01.1945 года в районе севернее гор. Пултуск, когда противник подтянув свои свежие силы и пошел в контратаку красноармеец Муханов первым поднялся на отражение контратаки и в этом бою уничтожил 4-х немцев. За отвогу, проявленную в бою достоин награждения правительственной наградой Орденом Славы третьей степени. Командир Полка Подполковник Мельников. қолы, мөрі.». Осылай-ақ көп ұзамай ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Көзсіз ерлігі үшін 1944 жылдың 9 қыркүйегінде «Ерлігі үшін» медалімен, 1945 жылы 30 қаңтарда «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне тағады.
Қайырылхан 1944 жылы майданда жүріп жарақат алып, госпитальге түсіп, ем алып жатқанда анасына, туған бауырлары Қаратай, Хадиша, Жоламанға хат жазады. Төменгі жолдағы соңғы амандық хатында: «Сендер сондай аман болсаңдар, менде сондай аманмын, денім сау. Госпитальдан шығып осы күні майданға жақын жерде тұрмын. Ал енді өздерің амансыздар ма, маған хат жаз, келсе келер, келмесе қалар. Тірі болып жүрсек хат алармыз. Басқа не айтам, қош сау. 13.VІ.1944.» делінген. Аталған хатқа назар аударатын болсақ, «Боздақтар» кітабында оның 1942 жылы қаза тапқандығы туралы мәліметтің қате берілгендігін көреміз.
Сондай-ақ әскери киімімен 3 ақпан 1944 жылы түскен суреті мен Ленинград шайқасында алған ауыр жарақаты кезінде 27 наурыз 1944 жылы Ленинградта әскери госпитальда түскен суреті ғана сақталып қалған. Соңғы амандық хатын 13 маусым 1944 жылы кезекті шабуылға шығар алдында жазған. Осы кескілескен ұрыста «огневой точканың» көзін жойған.
- Қайырылхан атамыздың анасы Мәздімхан Алдашқызы әжеміз баласының жазған хатын және суретін көзінің қарашығындай сақтап, өмірден өтерінде кіші ұлы Жоламан Мұқанұлына аманаттап тапсырған. Осы уақытқа дейін Қайырылхан атамыздың алған марапаттарын, медаль-ордендерін ешқайсысымыз да білмей келдік. Әжеміз «баламның сүйегі қай жерде қалды екен» деп жылап отыратын суретіне қарайлап. Сол қайран әжеміз өмірінің соңына дейін баласын сағынышпен айтып, іздеумен көз жұмды. Қайырылхан атамыздың өкінішке қарай артында қалған ұрпағы жоқ. Ол соғысқа не бары 18-19 жасында аттанған болатын. Үлкен інісі Қаратай Мұқанұлы жастай еңбекке араласып ержетті. Ауыл шаруашылығы саласында жылқышы, малшы болып еңбек етті. Жалғыз қарындасы Хадиша апамыз соғыс жылдары халық ағарту саласында мұғалімдік қызмет атқарды. Ал кенже інісі Жоламан ағамыз Шетпеде орыс тілінен сабақ берген ұстаздар қатарында еңбек етті. Құдайға шүкір, Мұқан әулетінің артындағы ұрпақтары – өсіп-өнген, тамырлары тереңге жайылған бір-бір әулеттің иелері, – дейді бізге деректерін беруші қарындасы Нұрзия Қаратайқызы.
Кеше елге қатер төнгенде
Ол жауға қарсы шапты.
Бізді жалмамақ болған ажалды
Өр кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
Өлім соққысын өз үлесіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де
Ел намысын қорғап қалды, – деп қазақ ақыны Әбу Сәрсенбаев жырлағандай, кешегі өткен ғасырдың қойнауында қалып бара жатырған сол жаралы жылдар адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қасіретті кезең болып қалды.
Қандай қиыншылық болса да, Отан үшін от кешкен майдангерлеріміздің өмірі мен ерлігі – біз үшін әрқашан үлгі. Өткен күн тарихынан жастарымызды отансүйгіштікке, Ұлы Жеңістің қадірін түсінуге, майдан жүгін арқалаған ардақты ата-баба рухына мың тағзым етіп, оларды құрметтеуге шақыру қажет.
Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
жазушы-өлкетанушы