Жақында Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ГМ-172/6 мекемесінің жеке құрамы мен ерікті жалдамалы құрам қызметкерлері арасында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» және «Өз-өзіне қол жұмсау фактілерін болдырмау» мақсатында кездесу өтті.
Жиынға «Отпан» Ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығы» ҚҚ-ның басшысы Азамат Нұғманұлы келіп, аталған мәселе бойынша дін тұрғысынан тұшымды кеңестер берді.
Ислам шариғатында кез келген мәселенің үкімі - Құран аяттары мен хадистерде баяндалған. Жемқорлық жайлы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде (Мәида сүресі, 42-аят): «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер». -делінген. Аяттағы «арам жеушілер» дегені - өзгенің мал-мүлкін иемденіп, ақысын жегендер. Ал тәпсірнама деректеріндегі Сағид Бин Жубайр: «Мұнда жемқорлық турасында айтылған»,-деп түсінік берген.
Енді бір аят жолында Алла Тағала (Бақара сүресі,188-аят): «Араларыңдағы малдарыңды арам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар»,-делінген.
Мұндағы аят жолында мағынасы ашық келген. Мінеки, Алла Тағаланың сыбайлас жемқорлыққа тыйым салғанына бірден-бір дәйек - осы аяттар болмақ. Сол сияқты парақордың тапқан табысы - арам екендігін пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына бір хадисінен анық көруге болады. Әбу Хумайда әл-Сағидия (р.а) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Лауазымдық қызметтегі тұлғаға берілген сыйлық - арам жолмен табылған жалақысы», - деген екен.
Сондай-ақ ислам дінінде адамның өмірі ең құнды әрі қымбат болып саналады. Қасиетті Құранда: «Біз адам баласын ардақтадық...», «...оларды басқа жаратқандарымыздан әлдеқайда артық жараттық» («Исра» сүресі, 70-аят), – делінген анық аяттар бар. Сондықтан, әрбір жанның өмірі де өте қымбат екенін жеткізді.
Өзіне-өзі қол жұмсау ісі, көбінесе, үмітсіздіктен, мақсатсыздықтан, келешекке сенімсіздіктен, жан тыныш-сыздығынан туындайды. Ал иманды жан, жүрегі бай адам қашан да бұл дерттен аулақ болады. Қиналған кісінің жанын түсінуге тырысайық, құлазыған көңілдерге демеу болайық, достарымызды еш уақытта жалғыз қалдырмайық.
Мейіржан Туманов