Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша басқармасының бөлім бастығы Ербол Сапашев мәлім етті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» атты аналитикалық жүйе жұмыс істеп тұр. Заманауи құрал ретінде саналатын бұл карта қылмыстың жай-күйін анықтауға мүмкіндік береді.
«Ол тек құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне көмектесіп қана қоймайды. Кез келген азамат http://qamqor.gov.kz электрондық сайты арқылы қолдана алады. Яғни құқық бұзушылық дерегі алдымен қылмыстық қудалау органында базаға тіркеледі. Одан әрі қылмыстың жасалу орны картада көрсетіледі. Қылмыстың жасалған күні мен уақыты, қылмыскердің нақты мекен-жайы мен қылмыстық іс-әрекетінің қалай сараланғанын көруге болады», - деді Ербол Сапашев.
Сондай-ақ «krisha.kz» сайты арқылы да картаға сілтеме қосылды. Мәселен, сіз осы сайт арқылы үй таңдар болсаңыз, карта арқылы «Преступность» батырмасын басып, қай аймақта қандай қылмыс болғаны жөнінде толық мәлімет көрсетіледі. Әр баланың өмір сүру немесе оқу орнын таңдаудағы қауіпсіз аймақты анықтауға мүмкіндік береді.
«Өткен жылы Маңғыстау облысында қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелуі 23%-ға төмендеген. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны қоғамдық орындарда - 44,1% көшелерде - 51,9%-ға төмендеген. Қасақана адам өлтіру қылмысы өткен жылға салыстырғанда - 40,0% азайған. Қарақшылық - 52,4%-ға, бұзақылық -30,6%-ғаазайған. Ал, алаяқтық 3%-ға, нашақорлыққа қатысты қылмыстар 26,3%-ға, кәмелетке толмағандардың жыныстық тұтастығына қарсы қылмыстардың тіркелуі - 350%-ға дейін өскен. Ұрлық қылмысы - 49,7%-ға азайған. Ұялы телефондарды ұрлау дерегі 59%-ға, мал басы 79,5%-ға төмендеген», - деді Маңғыстау облыстық қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Қайрат Давысов.