Мұнайлы ауданының орталығында ірі спорт кешені ашылды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы және ауданның жас спортшылары қатысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады
«Миғраж» спорт орталығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында демеушілердің қолдауымен тұрғызылды. Қайырымды іске аудан азаматтары да атсалысты. Ауданы 1 300 шаршы метр болатын кешен волейбол, футбол, тенис спорт түрлерімен шұғылдануға арналып жабдықталған.
Облыс әкімі С.Трұмов аудан тұрғындарын жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, ауыл жастарын бос уақытын тиімді пайдалануға шақырды.
«Тәуелсіздік жылдарынан бастап өңірден шыққан спортшылар халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, туымызды көкке өрлетіп келеді. Бұл спорт кешені де жас жеткіншектердің арманына қанат бітіріп, еліміздің абыройын асқақтатар даңқты спортшылар тәрбиелеуде септігін тигізеді деген ойдамын. Біз дарынды балалардың кәсіби спортпен айналысып, ойдағыдай дайындықтардан өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Кешеннің ашылуына ұйытқы болып, демеушілік жасаған азаматтарға шын жүректен алғысымды айтамын! Халықтың игілігі үшін еткен еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!», деді С.Трұмов.