Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов облыс тұрғындары алдындағы қорытынды есеп беру кездесуінде айтты.
«Өңірлерді дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы тіршілікке қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді көздейді.
Өңір бойынша халықтың орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілуі қалаларда 100%, қалаларда орталықтандырылған су бұрумен 93,1%-ды құрайды. Облыс бойынша электрмен жабдықтау 100%, газбен жабдықтау 99,8%-ға жетті.
2020 жылы Мұнайлы ауданының Қызылтөбе, Бірлік, Бесшоқы ауылдарында және Ақтау қаласында сумен жабдықтау бойынша 3 ірі жоба іске асырылды. Нәтижесінде 58 ауылдық елді мекеннің 46-сы орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етіліп, көрсеткіш 92%-ды құрады.
Облыс орталығын жағалау аймағына қарай және солтүстік-батыс бағытта кеңейту жаңа аумақтарды үздіксіз әрі тұрақты электрмен және газбен қамтамасыз етуді талап етеді.
Бұл бағытта 110-6 кВ «Хазар» МПК құрылысы аяқталды. 110 кВ кернеулі электр беру желісінің және 110/10 кВ ҚС 2 қосалқы станциясының құрылысы жалғасуда. «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырының 4-тармағын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.