Маңғыстау өңірі туристік индустрияны дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. 2020 жылы перспективалы бағыттардың бірі - Ақтау қаласынан Құрық теңіз портына дейін Каспий теңізінің жағалауындағы курорттық аймақты дамыту болды. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов онлайн есеп беру кездесуінде айтты.
Өткен жылы Маңғыстау Қазақстанның туристификация картасының үздік 10-ға кірді.
Ақтау қаласындағы «Жылы жағажай» ауданының инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстың 1-кезеңі аяқталды. Нәтижесінде 32 км жол, 19,8 км су құбыры, 6,1 км газ құбыры желілері салынды.
2020 жылғы шілдеде «Rixos Water World Aktau» көпфункционалды туристік-қонақ үй кешені жобасының 1-ші кезеңі іске қосылды. Аталған жоба инвестиция көлемін, қызмет көрсетілген келушілер санын және жергілікті халықты жұмысқа орналастыру бөлігінде өңір экономикасына оң әсерін тигізді.
Сондай-ақ, клинингтік қызметтер, көлік және логистика көлемін ұлғайту, сервистік қызметтерді жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту қамтамасыз етілді. Бұл ретте шағын компаниялармен 140-тан астам келісімшарт жасалды.
2020 жылғы қарашада Премьер-Министр А.Маминнің өңірге сапары барысында Маңғыстау курорттық аймағын дамытудың 2-ші кезеңі басталды. Инвесторлар демалыс және ойын-сауық кешенін, оның ішінде тақырыптық саябақ, гольф-клуб, сауда орталығы, қонақ үйлер, виллалар мен апартаменттер салу жөніндегі жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 2020 жылдың күзінде Ақтау қаласында «Holiday Inn Aktau» қонақ үй кешенін кеңейту шеңберінде аквапарк, балалар мен ересектерге арналған бассейндер құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі 1,6 млрд. теңгені құрап, 50 жаңа жұмыс орны құрылды.
Қарақия, Маңғыстау және Түпқараған аудандарының туристік объектілеріне апаратын сервистік нүктелерде 12 санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылды. Бірегей бренд-бук, логотип әзірленді, «visitmangystau.kz» сайты іске қосылды. Қалалық автобустар мен аялдамалар бірдей стильде безендірілді. Туристерге арналған жолсілтеме, карта жасақталды.
Былтыр Маңғыстауға келген туристер саны 178 мыңға жетті.