«Nur Otan» партиясы өңірлердің дамуын жіті қадағалайды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тағы парақшасында атап өткен болатын.
Біздің өңірде жаңа шақырылымдағы мәслихаттардың бірінші сессиясы өтті. Партиямыздың депутаттық корпусы алғашқы күннен бастап сайлауалды уәделерді іске асыруға кірісті. Сонымен «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламаларының негізінде 2025 жылға дейінгі өңірлік даму бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарлама «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында халықпен, оның ішінде шалғай елді мекендер тұрғындарымен жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша жасақталды. Праймериз барысында жиналған ұсыныстар мен үгіт-насихат кездесулері кезеңінде түскен аманаттар қамтылды.
Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Nur Otan» партиясының депутаттары әрбір өңірде, қала мен ауданда барлық сайлауалды міндеттемелердің орындалуына жүйелі бақылауды қамтамасыз етуі тиіс.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламаларын іске асырудың жол картасы бір ай ішінде әзірленіп, әрбір бағыт бойынша арнайы мерзімдер қойылып, жауапты орындаушылар белгіленеді. Аталған жол картасы әзірленгеннен кейін жария түрде қарауға ұсынылатын болады. Мақсаты айқын, нақты істер партиясы ретінде «Nur Otan» барлық деңгейде өзінің сайлауалды уәделерін іске асыруды қамтамасыз етеді. Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз.
Ахмет САЛМАНОВ,
Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты