Әскери институтқа оқуға түсуге өтініш 30 сәуірге дейін қабылданады. Ол үшін тұрғылықты жер бойынша жергілікті әскери басқару органы басшысының атына өтініш беру қажет. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы қорғаныс істері жөніндегі депаратментінің жасақтау басқармасы мерзімді әскери қызметке шақыру бөлімінің басшысы Жасұлан Құрақов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жергілікті әскери басқару органының басшысы ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдар туралы Заңға және арнайы тексеру және әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидасына сәйкес алдын-ала медициналық куәландырудан өту жөніндегі жұмыстарын ұйымдастырады. Арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды, ҰБТ-ның 5 пәні бойынша немесе кешенді тестілеуден кемінде 50 балл жинаған (оның ішінде математикадан сауаттылық немесе математика бойынша кемінде 7 балл және қалған пәндер бойынша кемінде 4 балл) азаматтардың әскери оқуға түсуге мүмкіндігі бар. Құжаттарды қабылдау 20-26 шілде аралығында жүреді. Оқуға түсушілер әскери институттың аумағында орналастырылады және тамақпен қамтамасыз етеді.
Әскери институтқа оқуға түсуге ниет білдірген 9-10 сынып оқушылары, «Жас ұлан» РМ және «Арыстан» мамандандырылған лицейінің бітірушілері сәуірдің 1-не дейін өздері оқитын білім беру ұйымы басшысының атына өтініш береді.