Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Жаңаөзен қаласы басшысының онлайн форматта өткен есептік кездесуіне қатысты. Мақсат Ибағаров 2020 жылы қалада атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түйткілді мәселенің бірі медицина саласына қатысты. Мәселен, М.Ибағаров 50 орындық қалалық медициналық орталық құрылысына жетіспеген қаражат мәселесі туралы айтты. Бүгінгі таңда нысанның жалпы құнының төрттен бір бөлігін төлеу мәселе бар. Құрылыс толығымен аяқталған, енді жетіспейтін медициналық жабдықтарды сатып алу қажет.
"Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласында бұрынғы қалалық туберкулез диспансерінің ғимаратын жедел-жәрдем станциясы етіп күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жөндеу жұмыстарын толық аяқтауға 96 млн.теңге керек", деді М.Ибағаров.
Бұдан бөлек, осы жылы №8, 14, 21 орта мектептер мен №5 «Сәуле» балабақшасына күрделі жөндеу жүргізілмек. Сонымен қатар, ескі тұрғын үйлерді жаңғырту да жоспарда бар. Бүгінгі таңда Жаңаөзенде күрделі жөндеуді қажет ететін 54 көппәтерлі үй бар. Үйлердің бір бөлігін бюджеттік несие алу арқылы жөндеу ұсынылды, ал бір бөлігі энергоаудиттен және басқа да рәсімдерден өтуі тиіс.
Қала әкімі су тазарту имаратынан "Мерей" шағынауданына дейін су құбырының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырғандарын айтты. Нысанды тапсыру үшін 173 млн.теңге қаражат қажет етіледі.
Серікбай Трұмов Жаңаөзен қаласының әкіміне аталған мәселелерді бақылауға алып, оларды жүйелі жүзеге асыруды тапсырды. Әсіресе, қала тұрғындарының әлеуметтік өміріне қатысты мәселелерде заманауи әдістерді қолдану керегін айтты.