Жаңаөзен қаласындағы №23 орта мектептің 9-сынып оқушысы Ырысжан Сансызбай қи қалдықтарынан тыңайтқыш жасайтын құрал жасап шығарды. Бұл туралы Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мақсаты – ауылшаруашылық өнімдерінде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы тиімді агрегат дайындап, құнарлы, байытылған тыңайтқыштарды брендтеп шығару.
Ырысжан кішкентайынан ғылыми кітаптарды оқуға құштар. Негізгі макет құрастыру жұмысын 7-сынып оқып жүргенде үйрене бастапты. Информатика, биология пәндерін терең меңгерген оқушы қи қалдығынан тыңайтқыш құралын дайындауға 2 жыл уақытын арнаған.
«Ерте заманнан ата-бабамыз қи қалдығын отын, тыңайтқыш ретінде пайдаланса, Ырысжан бұл тақырыпты зерттей келе биоотынның жаңа түрін ойлап тапты. Ауыл шаруашылығына тиімді агрегатты ойлап шығару үлкен сабырлықты, төзімділікті және уақытты талап етеді. Ырысжан өзінің дарындылығы мен білімділігінің арқасында жаңа идеяны жүзеге асырды. Ырысжаннан болашақта талантты маман шығатынына сенемін. Осындай оқушымның барына мен мақтанамын», - дейді жетекшісі Ақшагул Ізбасарова.
Ырысжан қалалық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты байқауда І орын, облыстық «Ауыл шаруашылық техникалар мен жабдықтар саласындағы техникалық құрастыру» номинациясы бойынша І орын, халықаралық Санкт-Петербург қаласында онлайн түрде өткен ғылыми жобалар байқауында І орынды жеңіп алған болатын.