Биыл Маңғыстау облысы бойынша алимент төлемеген 75 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, 1 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының әділет департаменті басшысының орынбасары Айзат Тіленбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, тағы 10 борышкер қылмыстық іс құқық қорғау органдарының тергеп-тексеруге дейінгі реестріне тіркелген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Өздеріңіз білесіздер, әр алименттік істің артында бала тұр. Ал алименттің өндірілуі баланың өсіп-жетілуіне, бақытты балалық шақ үшін өте қажет. Облысымыздың сот орындаушыларында барлығы 9 281 алименттік өндіріс бар (2019 жылы – 8276 іс). Оның 5 554-і жұмыс орны бойынша өндірілуде. 3 349-ы өз еркімен төленуде. 378-і проблемалық өндіріс», - деді Айзат Тіленбаев.
Айта кетейік, биыл атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді:
• Енді сот орындаушысы әр тоқсан сайын алимент бойынша борыш соммасын анықтап, қаулы шығарады және оны 3 жұмыс күні ішінде атқарушылық өндіріс тараптарына танысу үшін жолдайды.
• Бұрын борышкердің басқа аумақта тұратындығы немесе басқа аумақта оның мүлкі анықталса жеке сот орындаушысы істі арыз өндіріп алушыға қайтарып беретін. Себебі, ол өзінің аумағынан тыс аумақта іс әрекерт жүргізе алмайды. Қазір жеке сот орындаушысы атқарушылық құжатты борышкердің тұрғылықты аумағы бойынша өңірлік сот орындаушылар палатасына сәйкес қаулымен жолдайды. Бұл туралы тараптарды 3 күн ішінде хабардар етеді. Бұл өндіріп алушыны әбігерге салмай-ақ, алиментті үзіліссіз өндіруге мүмкіндік береді.
• Бұдан былай мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс орны болмаған жағдайда, алимент мемлекеттік жәрдемақыдан немесе әлеуметтік төлемдерден өндіріледі.