Маңғыстауда байқаушыларды даярлау және оқыту курсы Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен 5 ауданда жүргізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы бойынша сайлауды бейпартиялық байқау орталығының жетекшісі Бекбол Орынбасаров сайлау процесінде байқаушылардың болуы аса маңызды екенін атап өтіп, олардың дайындық барысы жайында ақпарат берді.
Оның айтуынша, сайлау алдындағы кезеңде және дауыс беру күнінде бақылаушылардың қызметін үйлестіру үшін штаб құрылған. Байқаушылар облыс бойынша барлық сайлау учаскесіне қатысады.
Байқаушылардың жұмысына Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы мен Қазақстан кәсіподақтар федерациясы және өзге де қатысуға өтініш білдірген үкіметтік емес ұйымдар қатысады.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында Маңғыстау облысы бойынша барлық сайлау учаскелеріне байқаушылар қатысады. Байқаушыларды даярлау және оқыту Маңғыстау облысының барлық 5 ауданында, сондай-ақ Ақтау және Жаңаөзен қалаларында жүргізілді. Әр байқаушының миссиясы - сайлау учаскелерінде қолжетімді инфрақұрылымды қарау, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды тіркеу және жолын кесу», - деді Б. Орынбасаров брифингте.
Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты байқаушыларды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
Штаб құрылған сәттен бастап өңірдің қоғам қайраткерлерімен, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен қозғалыстардың өкілдерімен кездесулер өткізілді.
«Тәуелсіз байқаушылар сайлау процесіндегі жұмыстарға өзі тікелей араласпайды. Негізгі міндеті – сайлау процесін байқау. Егер байқаушы сол жерде орын алған заңсыздықты көретін болса, ол сол жерде акт толтыруға құқылы. Ол сайлау жөніндегі заңның баптарында көрсетілген», - деді Маңғыстау облысы бойынша сайлауды бейпартиялық байқау орталығының жетекшісі.
Айта кетейік, қоғам қайраткері Айгүл Соловьева «Сайлауда бейтарап және шынайы байқау туралы» Хартия құру идеясын айтқан болатын.
Аталған идея Маңғыстау өңірінде де қолдау тауып, сайлауды бейпартиялық байқау орталығы құрылды.