Жуырда Egemen Qazaqstan газетінде Маңғыстаудың туристік мекендері туралы «Tour de Маңғыстау» («Egemen Qazaqstan», 3 желтоқсан) тақырыбымен көлемді материал жариялаған болатынбыз. Сол мақаланың жалғасы ретінде бүгін тұмса табиғат пен таңғажайып іздеген жанның қызығушылығын оятпай қоймайтын Бозжыра шатқалы туралы көргеніміз бен білгенімізді айтсақ дейміз. Әрі бұл жер маңғаз Маңғыстаудағы ең көрікті мекендердің бірі ғана емес, Жер шарындағы теңдесі жоқ табиғи мекен саналады.
Жалпы, әр аймақтың немесе елдің өзіне тән табиғи ерекшелігі болады. Мысалы, Солтүстікте – Бурабай, Шығыста – Катонқарағай, Оңтүстікте – Отырар, Түркістан сияқты жерлер. Ал Батыстың бетке ұстары – Бозжыра шатқалы. Тіпті Бозжыраны Маңғыстаудың туристік «Меккесі» деп те атайды. Қарт Каспийдің жағасында орналасқан Ақтауға табаны тиген кез келген қонақ пен турист Бозжыраға атбасын бұрмай кете алмайды. Әрі бұл мекен облыстың символына айналған. Бірер жыл бұрын Бозжыра «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енген.
Бозжыраға бару үшін алдымен Ақтауға ұшақ немесе пойыз арқылы жетесіз де, Ақтаудан әрі қарай тағы 300 шақырымнан аса жол жүресіз. Бұрындары жолдың жарты бөлігі құмды, жарты бөлігі тасты болған деседі. Кейінірек Ақтауды Атыраумен жалғайтын жолға асфальт төселген соң шамамен Бозжыраға апаратын жолдың 90 пайызы айнадай теп-тегіс болған. Тас жол аяқталған соң әрі қарай ойқыш-ойқыш құм жолды басып өтуге тура келеді. Көп туриске Бозжыраға жету біраз қиындық тудырады. Әрине, 300 шақырым жол жүру кез келген адамға оңай соқпайды. Бірақ Бозжыраның сұлулығын көргенде шаршап жеткеніңізді демде ұмытып кетесіз. Сондықтан жол қиындығына қарамастан, Бозжыраға келушілердің саны жыл сайын артпаса, кеміген емес дейді маңғыстаулық туристік компаниялардың өкілдері. Мəдениет жəне спорт вице-министрі Өркен Бисақаевтың айтуынша, Бозжыра шатқалына келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда биыл 10 есе артып, 2 мыңнан астам адамға жеткен. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш тағы еселеніп, кемі 10 мыңнан аса турист келеді деген болжам бар.
Бозжыраның сұлулығын ғаламтор арқылы көрген шетелдіктер осынау табиғат тамашасын жақыннан бір көру үшін мыңдаған шақырым жерді артқа тастап, арнайы келіп жатады. Біз туристік маусымның соңында барғандықтан бірде-бір туристі кездестіре алмадық.
Бозжыра шатқалының азу тістері 15-20 шақырым қашықтан менмұндалап тұрады. Осы жерде Бозжыра шатқалы және Бозжыра етегі деп екіге бөлінеді. Бізге тек 300 метр биіктіктен керемет табиғат көрінісін көзбен көру бақыты бұйырды. Егер жол талғамайтын көлікпен барсаңыз, төменге түсіп, тылсым табиғаттың сырына шатқалдың етегінен де қаныға аласыз. Шатқалдың жанына жеткенде көз алдыңызда әсем пейзаждың жаратылысы ғасырлар бойы ішіне бүгіп жатқан өз құпиясын аша түскендей болады.
Бозжыра атауының өзі-ақ бұл табиғи тылсымның қандай түсте екенін айқындап тұр. Яғни айналаның бәрін біреу әдейілеп ақбоз түске бояп тастағандай күй кешесіз. Бұл жердің күндізгі көрінісінің сұлулығы бір бөлек те, түнгі көрінісі тіпті ерекше екен. Жол нұсқаушының айтуынша, аспан денелерінің және жұлдыздардың ең әдемі көрінісін дәл осы Бозжыра мен Тұзбайырдан көруге болады. Бозжырада түнеп, жұлдыздарды жақыннан көру бақыты бұйырмаса да, осыдан бір жыл бұрын фин фотографы Юусо Хямяляйннің әлеуметтік желідегі парақшасынан көзіміз шалып қалған-ды. Түн жамылған Бозжыра шатқалынан түсірген суретін «Сахарадағы түн» деп атаған ол, сол сапарынан мынадай ой түйген: «Бұл таулы аймақ Қазақстанның батысында орналасқан Бозжыра шатқалы деп аталады. Біз суретке түсіруге ыңғайлы жерге тоқтап, күн ұясына батқанда бүкіл Құс жолын көру мүмкіндігіне ие болдық. Құс жолының екі жағында орналасқан екі шоқ жұлдыз – Сатурн мен Юпитерді жақыннан көремін деу үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Ай көкжиектен төмен болды, сол себепті жарық жеткілікті түсті. Бұл мың суреттің ішінен бір суреттің сәтті шығатын кезі».
Ал Тұзбайырдың ерекшелігі – күннің таңмен таласа шығатын кезі екен. «Мұнда келетін туристердің басым бөлігі судың жағасына барып, күннің шығуын тағатсыздана күтеді. Көкжиектен қызара шығып келе жатқан күннің сәулесі судың бетіне түскен сәт жан баласын тебірентпей қоймайды. Мұндай көріністің куәгері болған шетелдік туристер біразға дейін әсерінен айыға алмай, таң-тамаша күйде жүреді. Ал түнде ай мен жұлдыздардың өзі суда тұрған тәрізді жарық әрі айқын көрінеді. Шетелдіктер сол сәтті суретке түсіріп алуға асығады», дейді ақпараттық турда бізге жолнұсқаушы болған Людмила.
Бозжыраның әйгілі Азу деп аталатын өткір ұшты жартастар жұбынан бөлек, бұл маңайдан Батыр тауы мен басқа мұнара таулар, бекініс таулар, киіз үй пішініндегі тауларды да көре аласыз. Бір сәт қиялыңызға ерік берсеңіз, шатқалдан түрлі пішіндегі тауларды да көруіңізге болады. Шатқалдың басында тұрып, бұл жер шытырман оқиғалы фильм үшін таптырмас түсірілім алаңы бола алатынына көз жеткіздік. Кейбір шоу-бизнес өкілдері осы Бозжыраға келіп, бейнебаян да түсіріп жатады екен. Айтпақшы, марқұм Батырхан Шүкеновтің «Сағым дүние» атты әнінің бейнебаяны да дәл осы Бозжыра шатқалы мен Алматы облысындағы «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде түсірілгенін көп адам біле бермейтін шығар.
Жалпы, Бозжыра шатқалы туралы айтқанда, оның пайда болу тарихынан аттап өте алмаймыз. Жер бедерін зерттейтін ғалымдардың пайымдауынша, Бозжыра бірнеше миллион жыл бұрын тау түзілімдерінің бұзылуынан пайда болған деседі. Мамандар таудың түзілуінің үш түрін бөліп атайды: химиялық, биологиялық және органикалық. Бозжыра шатқалы осы үш түзілудің қосындысынан пайда болған. Ал Людмиланың айтуынша, Бозжыра 5 миллион жыл бұрын ежелгі Тетис мұхитының табанындағы әктас шөгінділерінің көтерілуінен, мұхиттың тартылуынан пайда болған. «Кейін жер бетінде климаттың өзгеруі, ылғалды мұхит ауасының құрғақ желмен ауысуы бұл даланы аңызақ шөлге айналдырып, мұхит орнындағы әктас шөгінділер табиғи апаттардың әсерінен біртіндеп қирай бастаған. Содан бұл жерде ғажайып рельефті тау жынысы пайда болды. Тарихтан ежелгі Тетис мұхитының Еуразия мен Ресей аумақтарын алып жатқаны белгілі, ол екі континент – Гондван мен Лавразияны қақ бөліп тұрған», дейді ол. Тіпті бұл жерден Тетис мұхитының сарқыншақтары саналған қаңылтыр ұлу қабықтарын, акуланың тістерін әлі күнге дейін кездестіруге болады. Жолнұсқаушымыз бізге соның дәлелі ретінде өзі кездестірген акуланың тісін де көрсетті.
«Біздің найзағай адам өлтірмейді»
Людмиланың айтуынша, Бозжыраға отандық саяхатшыларға қарағанда, шетелдік туристер көптеп келеді екен. Әсіресе жапониялық және италиялық меймандардың нөпірі қалың. Тіпті күншығыс елінің өкілдері туристік маусым кезінде лек-легімен ағылатынын айтады. Оларға Үстірттің ойдым-ойдым жолдары мен жазық, кең далада орналасқан шатқалдары қатты ұнайды. «Тағы қайда барамыз? Қай жерді көрсетесіздер? Келесі аялдама қандай?» деп әр жаңа орынды көруге асығып, құмартып тұрады.
Әрине, мұндай сұлулықты, кең даланы көрген жапондардың таңданбасқа еш лажы жоқ. Әсіресе олар ешқандай ғимарат соғылмаған, бос жатқан, алғашқы әсемдігі жойылмаған жерлерге құмар болады.
Жолнұсқаушыдан шетелдік туристермен болған ең қызықты оқиғасын сұрап, айтып беруін өтінгенде рақаттанып күліп алды да, бізге жапондармен болған мына бір оқиғаны баяндап берді.
«Қателеспесем, осыдан үш-төрт жыл бұрын осындай турлардың бірінде жапондармен Бозжыра шатқалының етегінде түнедік. Түнгі сағат екінің шамасы болуы керек, дем арасында күн күркіреп, найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауды. Найзағай ойнағандағы жапондардың түрін көрсеңіз, үрейленіп кеткен. Құдды бір жаналғыш адам қылышын сүйретіп, үйіне келіп тұрғандай әсерде қаласыз. Сөйтсек, олар найзағайдан қатты қорқады екен. Барлығы шатырдан атып шығып, «кетейік те, кетейік» деп байбалам салып жатыр. Арасында біреуі «Егер бұл жерден тезірек қашпасақ, бәрімізге жай түсіп тырайып жатамыз» дейді. Бұдан әрі шыдап тұра алмадым да, шатырдан шыға сап, айқай салдым. «Неге сонша даурығып жатырсыздар? Қазір түннің біруағы әрі жаңбырдан кейін айналаның бәрі лай, бәрібір ешқайда кете алмаймыз. Одан да шатырларыңызға кіріп, демалыңыздар. Біз жақтың жаңбыры тез басылады, керек десеңіздер найзағайы да адам өлтірмейді», деп жапондарды сабасына түсірдім. Олар «рас па?» деп таңғалды. «Иә» деп сендірдім. Расында, жаңбыр тез тоқтады. Сонымен бәрі шатырларына кіріп ұйықтап, таң ата жолға шықтық. Таңертең күн шыққанын көріп, көңілдері сол кезде тыншыды», дейді Людмила.
Үстірттің ерекше бейнесі
Жоғарыда Бозжыраның маңайында қиялыңызға ерік берсеңіз, түрлі бейнені көруге болатынын айттық. Солардың қатарында садақ жебесіне де, жолға бағдар берушінің де бейнесіне ұқсас туындыны ерекше атап өтуге болады. Ғалымдар сол бейнені кім салғанын, оның қалай пайда болғанын анықтағысы келіп, 1980 жылдары Үстіртке зерттеуші ғалымдардан құралған түрлі экспедициялар ұйымдастырылған.
Сөйтіп, ғалымдар бұл бейнелердің қандай мақсатта жасалғаны туралы екі нұсқа ұсынды. Біріншісі, сол заманда өмір сүрген адамдарға жаңбыр суын жинау үшін қажет болуы мүмкін деген болжам. Бейненің жан-жағы таспен қоршалған. Биіктігі шамамен 80 см-ге дейін жетеді. Аймақта жаңбыр өте сирек жауатын болғандықтан, жаңбыр суы бағдардың бойымен төмен қарай ағып, құдыққа жиналып отырған.
Ал екінші нұсқа бойынша сол жерді мекен етушілердің аң аулау үшін құрған арнайы тұзағы болған деседі. Адамдар жабайы жануарларды сол жерге айдап әкелетін болған. Ересектер әрі ептілері тастардан секіріп кете алғанымен, жастары ол жерден өте алмай, адамдардың жемтігіне айналған. Байырғы мекен етушілер осылай аңшылықпен айналысқан.
Қазір бұл құдықтар кішірейіп, ішіне құм толып кеткен. Ал сол заманда оны қазу үшін қаншама уақыт пен еңбек кеткенін бағамдай беріңіз. Бұл мекен туралы ғалымдардың зерттеуін 1980 жылдардағы журналдардан көптеп кездестіруге болады. Кейбір деректерде тарихшылар мен зерттеушілер бұл жерлерден көш жолын таппағанын айтады. Шөлді аймақтың өмір сүруге қолайсыздығына байланысты, Бозжыра аумағына ешқашан ел қонбаған деген де болжам бар.
Бозжыраға қонақүй салуға бола ма?
Маңғыстау өңіріне жасаған сапарымыз «Бозжыраға қонақүй салынады екен» деген ақпарат қоғам арасында және әлеуметтік желіде кең талқыланып жатқан уақытқа дәл түскен болатын. Бұл туралы жергілікті тұрғындар не ойлайды екен деп кейбіреулерімен тілдесіп көргенімізде, бізге кездескендері Бозжыраның етегіне қонақүйдің салынғанына қарсы емес екендіктерін айтты. Оларға, ең бастысы, шеттен туристер келгені мен жолдың жөнделгені керек екен.
Ал бізге жолнұсқаушы болған Людмиладан сұрағанымызда, ол бірден қарсы екенін айтты. «Мен қарсымын. Егер қонақүй салынса, табиғаттың әсем көрінісі бұзылады. Ал Шақпақ ата, Бекет ата сынды биікте орналасқан киелі жерлерге салса, қарсы емеспін. Бірақ мынадай табиғаттың өзі сыйлаған әсем көріністі бүлдірудің қажеті қанша? Туристер табиғаттың бүлінбеген қалпын жақсы көріп, тамашалағысы келеді», дейді.
Халықтың наразылығынан кейін мәселеге араласқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты өкілдерге Бозжыра шатқалында қонақүй салу жобасын қайта қарау туралы тапсырма берген-ді. Сөйтіп, күні кеше тұрғындар мен ғалымдардың, қоғам өкілдерінің ұсынысымен қонақүй орны Бозжыраға емес, Жабайұшқан қаумалының сыртына салынатын болып келісілді.
Маңғыстауға қай уақытта барған дұрыс?
Егер Маңғыстауға баруды, Бозжыраны көруді жоспарласаңыз, жергілікті туристік компаниялар бұл аймаққа сәуір-мамыр және қыркүйек-қазан айларында баруға кеңес береді. Қыс мезгілінде бұл өлкеде қар сирек жауғанымен, желі адам шыдатпайды. Жазы да дәл солай. Жаз мезгілінде ауа температурасы көтеріліп, ерекше ыстық болады. Күндізгі жан шыдатпас ыстық, кеш түсе бірден салқын ауамен ауысады. Сондықтан мұнда демалуға келушілер кешкілік суыққа ұрынып қалмас үшін қалың киім алып келгені абзал.
Әли БИТӨРЕ