Еліміздің ата-бабалардың асыл арманы - тәуелсіздікке қол жеткізгеніне биыл 16 желтоқсанда 29 жыл толды. Тарих толқынында қас-қағым сәт саналатын осы уақыттың еншісінде Қазақстанда ғасырларға бергісіз қыруар істер табысты атқарылды.
Ең бастысы, тәуелсіздігімізді төрткүл дүниеге танытатын Егемендік туралы декларация, Тәуелсіздік туралы Конституциялық заң, тұңғыш Ата заңымыз қабылданып, Әнұранымыз асқақтата шырқалып, Елтаңбамыз жарқырап, көк Туымыз желбіреп көкке көтерілді. Желтоқсанның жалынды жастарының азаттық аңсаған өрлігі еліміздің егемендік алуына ұласты.
Тәуелсіздік жылдарында саяси, экономикалық-әлеуметтік мәселелер бойынша дербес шешім қабылдай алатын, бағыты анық, ұстанымы берік мемлекет қалыптасқаны, толымды табыстарға қол жеткізгені баршамызға белгілі. Сондықтан Қазақстанның, қазақ халқының өрісі кең, өресі биік екенін әлем жұртшылығы айқын таныды. Әлемнің саяси картасында өткен ғасырдың аяғында пайда болған жас мемлекет - Қазақстан Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назарбаевтың кемел көрегендігі мен қажырлы еңбегінің арқасында аз уақыт ішінде әлемдегі орнықты әрі беделді елге айналды. Кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Кофи Аннанның «Қазақстан-ТМД мемлекеттерінің ішінде ауызбірлігімен, татулығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ бұл мемлекетте өсу байқалады» деген сөзі мен Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Маргарет Тэтчердің «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі - Нұрсұлтан Назарбаев» деп айтқан пікірі — Қазақстан мен Елбасына берілген әділ баға. Президент Қ. Тоқаевтың «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында «Елбасымыз әлемнің ең азулы елдерінің басшылары мен саяси қайраткерлері құрмет тұтатын биікке көтеріліп, еліміз халықаралық қоғамдастықтың белді де беделді мүшесіне айналды. Бұл - күрмеуі қиын күрделі кездерде халықты ауызбіршілік пен татулыққа жұмылдырып, ескі түсініктер нарықтық қоғамға өткізген және әлемдік экономиканың белсенді қатысушысына айналдырған Нұрсұлтан Назарбаев феномені» деп жазған сөздерінің мағынасы кең әрі терең.
Тәуелсіздік тұғырын нығайту жолында жұмылған бірлігі берік еліміздің іргелі істері, толағай табыстары мол. Нарықтық қоғамға өткен күннен бастап кәсіпкерлік пен бизнес саласы қарқынды даму жолына түсті. Қазіргі таңда ауданымызда екі мыңның үстінде жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнеспен айналысушылар жемісті еңбек етуде. Алдыңғы жылдарды айтпағанда, өткен жылы «Жас прожект» жобасы бойынша көпшілік жастар қаржылай қолдауға ие болып, кәсіптерін бастады. Биыл нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасына қатысқан 100 адам кәсібін бастау үшін мемлекеттің қаржылай қолдауы-қайтарымсыз грантын алуға қол жеткізді. Егемен елімізде кәсіпкерлікпен айналысып, нәсібімді табамын, жаңа жұмыс орындарын ашамын дейтін адамдарды қолдайтын бағдарламалар аз емес. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта қарқын ала түспек.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық болмыстың тағылымын заманға сай жаңғыртудың темірқазығына айналғаны баршаға белгілі. Киелі жерлердің географиясын жасап, терең тарихымыздың таңбасы сынды құнды жәдігерлерді сақтауға бағытталған жұмыстар мемлекет тарапынан тұрақты жүргізілуде. Санасы терең, өресі биік азаматтар қолға алған жұмыстар да аз емес. Мектепке дейінгі тәрбие ошақтарынан бастап, барлық білім беру орындарында жас ұрпақ тәрбиесі ұлттық болмысқа негізделіп жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары бұл үрдіс құлашын кеңге жая бастады. Ауданымызда бұл бағытта атқарылып жатқан игі істерден жұртшылық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жеткілікті деңгейде хабардар. Өзгесін айтпағанда, пір Бекет атаның жерасты мешіті абаттандырылып, көзтартарлық сәнді орынға айналуы, ескі Бейнеуде «Ескерткіштер алаңы» ашылып, елдіктің жолында ерлікке пара-пар ұлы істерді атқарған аталардың ескерткіштері орнатылуы сынды рухани тәрбиелік мәні зор көптеген іс-шаралар тәуелсіздіктің арқасында өмірге келді. Биыл адамзат баласын кемелденуге үндеген әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, пір Бекет атадай ұлы тұлғаларды ұлықтау шараларының мемлекет тарапынан жүргізілуі жаңа заманға сай ұлт болмысын қалыптастыруға тигізер әсері мол болмақ.
Бағыт айқын. Ұстаным берік. Ұлттық болмыстың тамырынан нәр алып, кемелденуге ұмтылған халқымыздың қасиетін әлемге паш етуге ұмтылған елдің күрделі әрі сын-қатерлерге толы жаһандану заманында болашағы баянды болары хақ. Бұл туралы баса айтып келе жатқан Президент Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жан-жақты әрі терең ой қозғады.
Тәуелсіздікке жетудің оңай болмағанына тарлан тарих куә болса, тәуелсіздікті сақтаудың оп-оңай дүние еместігін сәт сайын мың құбылатын бүгінгі заман анық аңғартып отыр. Биыл сақтанбағанды сан соқтыратын коронавирус пандемиясы әлемді құрсаулап, көктемде таққан бетпердеден әлі құтылған жоқпыз. Өзіміздің оқшауланып, тұмшаланып жүргеніміз ештеңе емес. Алпауыт елдердің экономикасы теңселіп тұр. Осы қысыл-таяң уақытта мемлекет халықтың өмірін сақтап, әл-ауқатын арттыруға барын салатынына адамдар көз жеткізді. Жұмыссыз қалғандар ақшалай көмек алды, осал топтар жан-жақты қолдауға ие болды. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы және «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында ауданда ауыз толтырып айтатындай маңызды жұмыстар жүзеге асқанына куә болдық. Жұмыссыз қалған азаматтар жұмыспен қамтылып, табыс табу мүмкіндігіне ие болды. Елбасы және Президент ұстанған саясаттың маңызды бөлігі – цифрландыру аясын кеңейтудің бүгінгі таңда бүкіл ел игілігін көріп отыр. Ұлтымызға тән асыл қасиет - жақын жандарға жанашыр болып, қайырымдылық таныту, ізгі істерді ерікті атқару осы қысыл-таяң күндерде толық көрінді. Бұлардың барлығы – тәуелсіздікке қолымыз жетіп, өз билігімізге өзіміз ие, өз байлығымызға өзіміз қожа болудың берген игілігі. 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.
Тәуелсіз елдің тәу етер күні. Ұлы күн, ұлық мереке құтты болсын, ағайын!
Қартбай Қожаев