Интернет желісіндегі ақпараттарды, деректерді қарап отырып Ләззат Асанованың суреттерін көзім шалып қалады. 1986 жылдың желтоқсанында КГБ-да жауап алынғаннан кейін түсініксіз жағдайда қайтыс болған және өлімінің құпиясы әлі ашылмаған Алматыдағы музыкалық училищенің студенті Ләззаттың суретін көру мен үшін өте ауыр және көзіме жас келеді.
Маған тағы да ауыр тиетіні, өзім бақытты балалық шағымды өткізген Жаңаөзенім туралы көбіне «қиындықты көп көрген Жаңаөзен» деп еститінім.
Маған қиын, бәз біреудің менің елімді, жерімді, туымды таптай отырып, «Боратстан» деп атайтыны.
Бірақ, дәл бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында, еліміздің ең маңызды мемлекеттік мерекесінде мен қуанғым келеді. Мен - Егемендігіммен мақтанғым келеді! Тәуелсіздік - бұл біздің мемлекеттік мерекеміз! Мен бұл жайлы барлығына қуанышпен, дауысымды барынша шығарып, айқайлап тұрып жеткізгім келеді!
Мен - Желтоқсан оқиғасының қатысушылары қалағандай, Республикамыздың дербестік, еркіндік және егемендік идеяларын жүзеге асырғандығын бүкіл әлемнің білгенін қалаймын!
Мерекеңмен - менің Тәуелсіз Елім! Әрқашан, және тек қана бейбіт күндерде Көк Туымыз биікте қалықтап, әлемдік аренада еліміздің Тәуелсіздігін еске түсіре берсе деймін!
Ал, батыр қыз Ләззаттың суретін қарай отырып, Мен Тәуелсіздік жолында күрескен ата-бабаларымыздың ерлігін, бізге бейбіт өмір сыйлаған аға-апаларымыздың қайсарлығын үлгі ете отырып ұлдарымды, еліміздің үміт күтер жастарын тәрбиелейтіндігімді, өзімді патриоттық сезімге, сенімге, күреске, жеңіске тәрбиелейтінімді айтып, уәде беретінімді жеткізгім келеді!
Жансая ИСМАҒҰЛОВА