Етікші болу тиянақтылықты, шеберлікті, шыдамдылықты талап етеді. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін бұл кәсіпті Смайыл аға бар ынта ыждахатымен жасайды. Етікшілік кәсіптің қыр-сырын жетік меңгерген етікші саусақтары күстеніп кетіпті. Бұл дегеніңіз нағыз таза еңбектің куәсі ғой.
Күннің салқынына қарамастан бір жағынан тұтынушылардың да көңілін тауып, бір жағынан әңгімені де айтып отыр. Алпысты алқымдаған шебер иесі әлі де ширақ қозғалады екен. Мұның сырын сұрағанымда: "Бұл еңбектің арқасы" деп күлімдей берді.
- Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Шаршайтын кездерім көп болады. Дегенмен де отбасымды асырау керекпін. Осы істі ұстазым Зайыр Қыпшақ үйретті. Өзі өте сабырлы, тиянақты кісі болатын. Әлі де қолдау танытып, қолғабыс етеді. Мендегі осы іске құштарлық мүмкін, сол кісіден дарыған болар. Келген тапсырысты уақытында орындап, тұтынушыларымның сенімін барынша Ақтауға тырысамын Ұққаным, ерінбейтін адам етікші болады екен, - дейді Смайл Жанғабыл.
"Алғыс алсаң, кем болмайсың",- деген сөзді жанына серік еткен шебер 10-15 минуттың ішінде етіктің байпақтарын ретке келтіріп, етіктерге табан жамап, желімдеу, тігу секілді жұмыстарды көзін жұмып атқарады. Етік тікпей, бос отырған күні болмапты.
Расындада, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған әкенің арқалағаны алғыс екен. Бір күнде қаншама адамның алғысына бөленіп, жақсы сөздерге жаның семіргенге не жетсін. Адамға осыдан артық не керек өзі? Таңның атысы, күннің батысы біз бен тебенді балға-шегені жанына серік еткен еңбекқор аға таңырқана қарай бердім.
Бейнетіңіздің зейнетін көріңіз. Сізді осы күнге жеткізген адал еңбектің арқасы ғой. Жаныңыз жамандық көрмесін, етікші Аға!
Фариза ХАЙДАРОВА