Қазақстанның тәуелсіз ел болып әлемге танылғанына биыл — 29 жыл. Еліміздің егемендігі — әрбір қазақстандық үшін үлкен мақтаныш, шексіз бақыт.
Халқымыз бұл күнге жету жолында қанша тар жол, тайғақ кешулерден өткеніне тарлан тарих куә. Ұлан-ғайыр дала ұрпақтарымызға мұра болып қалсын деп, ұлы даланы ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғап өткен батыр бабаларымыздың өнегелі істері санамыздан өшпек емес. Азаттық жолындағы күрестерде 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы, КСРО-ның айбынынан тайсалмай теңдік сұраған Қайрат Рысқұлбековтың, Ләззат Асанованың, Ербол Сыптаевтың, Сабира Мұқаметжанованың ерліктері — көпшіліктің жадында. 1991 жылдың 16 желтоқсаны — тәуелсіздіктің ақ таңы атып, аталардың асыл арманы орындалып, әлемнің саяси картасында Тәуелсіз Қазақстан деген жазу жазылған күн.
Амангул Назарбаева,
Күйкен орта мектебінің мұғалімі