Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімдігінде денсаулық сақтау саласы, этномәдени бірлестіктер және БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысының марапаттарын Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова табыстады.
Гүлмира Мұратқызы марапаттарды табыстау кезінде тәуелсіздіктің 29 жылында еліміз жеткен жетістіктердің барлығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі екенін, бұл стратегиялық бағытты бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып, ел дамуының табысты жолдарын құрып отырғанын атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары коронавирус пандемиясы кезінде аянбай тер төгіп, еңбек еткен медицина саласының қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетті.
– Медицина қызметкерлерінің кәсібилігі мен тәжірибесі, жанкештілігі қоғамдағы құрметті мамандық екенін көрсете түседі. Сіздер көтерген жүк әрбіріңіздің шыдамды болуға үйретеді. Әрбіріңіздің адамгершіліктеріңіз өте жоғары.Коронавирус пандемиясының таралуы кезінде сіздер төтенше жағдай режимінде жұмыс істеп, ауыр жауапкершілікті арқаладыңыздар. Осы еңбектеріңіз үшін алғысым шексіз! Мемлекет басшысы медицина саласы қызметкерлерінің айрықша бағалады, соның айғағы елдің құрметі – «Халық алғысы» наградасы.Пандемиямен күрестегі сіздердің еңбектеріңіз орасан зор, - деп атап өтті ол.
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық алғысы» медалімен денсаулық сақтау саласында әсіресе 2020 жылы Covid-19 пандемиямен күресте аянбай еңбек еткен, бірқатар медицина қызметкерлері – «Мейірбике» ЖШС медициналық колледжі директорының орынбасары Әнуар Сағымбаев, Маңғыстау облыстық ауруханасының бірқатар қызметкерлері: гепатология орталығының меңгерушісі – анестезиолог-реаниматолог дәрігер Роза Утепова, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Нұрлыбек Жалғасбаев, аға медбике Қамажай Бисекенова, кардио-реаниматолог дәрігер Бақытжан Қойбеков, аға медбике Назгүл Басбаева марапатталды. Сондай-ақ марапатқа облыстық медициналық жедел-жәрдем станциясы директорының орынбасары Жайнагүл Илиясова мен фелдьшер Меңдігүл Жарылғасова, «SofieMedGroup» көпбейінді клиникасы диагностика бөлімінің меңгерушісі Равиль Шарыгин, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Раушан Жапарова, жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Асыл Табынбаева, терапевт-дәрігер Шолпан Нұрқасова, Жаңаөзен қалалық емханасының кардиолог-дәрігері Рахат Исатаев, Маңғыстау аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Жанайдар Абеуов, Бейнеу аудандық орталық ауруханасының директоры Берік Абдуллаев, «Хирургия институты» ЖШС директорының орынбасары Азербай Ораз ие болды.
«Еңбек ардагері» медалімен Жаңаөзен қалалық №1 емханасының дәрігері Ақсұлу Елбаева, Ақтау қалалық №1 емханасының акушер-гинеколог дәрігері Наталья Малышева, Ақтау қалалық №2 емханасының медбикесі Маржан Сағындықова, Маңғыстау облыстық ауруханасының медбикесі Злиха Утенова, облыстық қан орталығы клиникалық зертхана меңгерушісі Людмила Махмутова марапатталды. Сондай-ақ бірқатар медицина қызметкерлері облыс әкімінің орынбасарынан «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» и «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін алды.
Сонымен қатар Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай өңірдегі этномәдени бірлестіктер өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан және қоғамдық салаларда еселі еңбек еткені үшін «Қазақстан Халқы Ассамблеясына 25 жыл» медалімен марапатталды. Айта кету керек, марапатталған БАҚ өкілдері қатарында «Маңғыстаумедиа» ЖШС қарасты «Огни Маңғыстау» газеті бас редакторының орынбасары Татьяна Преснякова да бар.
Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы
Жайық НАҒЫМАШ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН