«Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар пойызының жүк тиелген вагонында болған өрттен зардап шеккен 11 жасар бала мен оның әкесі санавиациямен Ақтауға жеткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бейнеу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әсия Шонтыбаеваның айтуынша, ер адамның денесінің 45 пайызын күйік шалған. Ал, баланың денесінің 60 пайызы жарақаттанған.
«Санавиация дәрігерлері Бейнеуге келді. Мамандармен консилиум өтті. Нәтижесінде денесінің 45 пайызын күйік шалған ер адам мен денесінің 60 пайызы жарақаттанған 11 жастағы баланы Ақтауға алып кетті. Ал, денесінің 80 пайызы жанып кеткен Қазпошта жолсерігінің жағдайы өте ауыр болғандықтан, тасымалдауға жарамайды. Ол аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде қалдырылды. Дәрігерлердің жіті бақылауында болады. Онымен бірге жараланған тағы екі науқас та әзірше аудандық ауруханада емделеді. Ертең санавиация тағы келіп, дәрігерлердің шешімінен соң алып кетуі мүмкін», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін таңғы сағат 04.30-да Маңғыстау облысының Бейнеу ауданының аумағында № 109 «Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар пойызына тіркелген жүк вагоны өртенді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жүк вагонында газ баллоны жарылған. Салдарынан 5 адамды күйік шалды – екі жолсерік, бір инкассатор, бір Қазпошта қызметкері және он жасар бала. Олардың барлығы жүк вагонында болды.
«Баланың жүк вагонында қайдан жүргенін біз айта алмаймыз, бұл сұрақты «Қазақстан темір жолы» компаниясына қоюы керек. Біз өз тарапымыздан баланың болғанын растаймыз, Қазпошта қызметкері 10 жасар баласын өзімен бірге алып жүрген. Барлығы түрлі дәреже күйік алып, Бейнеу аудандық орталық ауруханасына жатқызылды», - деген болатын ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.