Аймақ басшысы Серікбай Трұмов Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Жазушылар Одағының Маңғыстау облысындағы мүшелерінің қатысуымен еліміздің ең ұлық мейрамы - Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қоғам» тақырыбындағы дөңгелек үстелді өткізді.
Алашқа белгілі ақын-жазушылар бас қосқан алқалы жиынға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет және оның орынбасарлары, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, белгілі жазушы Мереке Құлкенов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дарабоз ақын Есенғали Раушанов және өлкемізде тұратын Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері қатысты.
Өткен жылы тұңғыш рет облыс әкімі С.Трұмов аймағымыздағы Қазақстан Жазушылар Одағы мүшелерінің басын қосып, кездесу ұйымдастырған болатын. Сол жиында руханият саласында атқарылатын шаралар мен қоғамдағы мәселелер жөнінде кеңесіп тұруға шешім қабылданып, бұл шара биыл дәстүрлі түрде жалғасын тапты.
Жиынды Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының директоры Ғалым Әріп жүргізіп: «Қадірменді Серікбай Өтелгенұлы! Құрметті бүгінгі дөңгелек үстелге қатысушы қонақтар, әріптестер! Тәуелсіздік мерекесі орайында төрт көзіміз түгел бас қосып отырмыз. Жыл басында жоспарланған, Маңғыстау облысы әкімінің ақын-жазушыларымен бүгінгі бас қосуына қош келдіңіздер! Бұл жиын өңіріміздегі өзекті мәселелер мен келелі істерді руханият, зиялы қауым өкілдерімен бірлесе талқылап, жұмыла атқаруды кеңесу, ақылдасу мақсатында ұйымдастырылып отыр» дей келіп, еліміз бен жеріміз, қоғамдағы жәйттерді ой таразысына салып, ортақ түйін түюге жолбасшы болып отырған облыс әкімі Серікбай Өтелгенұлына, Алматыдан арнайы келген қонақтар Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет және оның орынбасарлары Мереке Құлкенов пен Есенғали Раушановқа шынайы алғысын білдірді.
Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен бас қосуда филиал директоры Ғалым Бисембіұлы жергілікті қаламгерлердің жаңа кітаптарына шолу жасап, Абайдың 175 жылдығына Сайын Назарбек «Абайдың оралуы», тарихи тақырыпқа «Жеті күн. Жеті ғасыр», Айтуар Өтегенов «Елбасы және Маңғыстау», «Шерқала», Мырзағали Іңірбаев «Ман Ата», «Әулиетас», Темір Мыңжас «Күншуақ», Сабыр Адай «Нәзира», «Керуен көшеді», Светқали Нұржан мемлекеттік ақпараттық тапсырыспен «Жастықтың жазғы жайлауы», «Жұлдыздар жұпары», Генрих Гейнеден аударған «Теңіздегі дауыл», Атырау облысының тапсырысымен «Сарайшықтың көзесі» тәрізді тұшымды кітаптарын оқырманға ұсынғанын, өзінің 6 томдық «Таңдамалы» жинағы жарық көрсе, «Алтын Орда – Қазақ Елі» атты 90 беттік тың толғауы баспада жатқанын айтты.
Шақыруды қабыл алған Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Мереке Құлкенов, Есенғали Раушановқа өзінің ризашылық сезімін білдірген Серікбай Өтелгенұлы құттықтау сөзін «Бүгінгі кездесу жиынымыз еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Күн шуақты Отанымыздың аспаны ашық болсын! Баршамызға еліміздің Тәуелсіздігі – мемлекеттік мереке құтты болсын!
Қаламыздың руханият салтанатын асқақтап, мәдени сипатын айшықтап тұрған Әбіш Кекілбайұлы атындағы орталықта мұндай ауқымды әдеби шара тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұл орталықтың халықты біріктіретін, келелі жиындар өтетін киелі ордаға айналатынына сенемін» деп бастап, облысты өркендету жолындағы жоба-жоспарларына қысқаша шолу жасаған аймақ басшысы індет салдарынан туындаған қиыншылықтарға қарамастан, қаламдары мұқалмай кітаптары жарық көріп жатқан жазушылардың қоғамдағы елеулі орнына арнайы тоқталып, «Әбіш ағамыздың ізбасар іні-қарындастары ортамызда отыр» деп, өлке қалам иелерінің мерейін өсірді.
«Мәдениетке қамқорлық – соғыс жағдайында да тоқтамауы тиіс» деген ұғым бар ғой. Тәуелсіз еліміздің рухани сұранысын өтейтін құнды мұраларға, жобаларға деген жанашырлық әрқашан ерекше қадағалауымызда болары сөзсіз. Ендеше, бүгінгі қалам ұстаған қауымның жай-күйі, шығармашылық қуаты, толғандырған мәселелер туралы өздеріңізден естігім келеді», деді Серікбай Трұмов.
Одақ басшысы Ұлықбек Есдәулет келелі жиынға арнайы шақырып, қатыстырып отырған облыс әкіміне рахметін айтып, «Маңғыстау киелі жер. Жері қандай қазыналы болса, елінің де көкірек-сарайы сондай қазына-киеге толы өлке. Менің тұспалым бойынша, халық саны миллионға жуықтап қалды-ау деймін. Көптің арасынан дарындардың көптеп шығуы да заңдылық.
Қаламгерлер - халықтың ұйытқысы. Әдебиеттің халықты біріктіруде, ұлттың мәдениеті мен тәрбиесін көтерудегі рухани күші өте ғажайып деуге болады. Осы отырған ақын-жазушылардың әрқайсысы бір-бір әлем. Сондай шығармашылық өкілдерін өз маңайыңызға үйіріп, қамқорлық жасап отырғаныңызға қуанып отырмыз. Елдің бірлік-берекесін сақтау үшін ауызбіршілік керек. Сол ел бірлігін сақтауда ақын-жазушылардың рөлі үлкен, сондықтан ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын құнды қазына - «Маңғыстау әдебиетінің кітапханасы» шыға беруі керек!» деген Қазақстан Жазушылар Одағының басшысы биыл 80 жасқа толған Бектұр Төлеуғалиевке, 70 жасқа толған Көмек Ыбыраевқа, 60 жасқа толған Сабыр Адай мен Ғалым Әріпке қазақы жол-жоралғымен ою-өрнекпен кестеленген шапан жауып, алғыс тілегін айтып, шығармашылық табыстарымен құттықтады.
«Жазушының міндеті – көркемдік деңгейі жоғары, мықты шығарма жазу. Ал аймақ тізгінін ұстап отырған Серікбай Өтелгенұлының қаламгерлерді ынталандырып отыруы – басшылық тарапынан көрсетілуге тиіс тікелей міндеті деп есептеуіміз керек. Жазушыларды қанаттандыру үшін облыс әкімінің стипендиясын беру керек» дей келіп, Алматы облысы әкімі Бағытжан Сағынтаевтың қалада тұратын 400 ақын-жазушыға 500 мың теңгеден сыйақымен демеп отырғанын тілге тиек етті.
Ал батыс аймақтың, Атырау, Ақтөбе облысы басшылары жергілікті қаламгерлерді қолдау мақсатында өмірден өткен ақын-жазушыларының атына қомақты жүлдесімен сыйлық тағайындап, оны жыл ішінде жақсы шығармасымен көрінген дарын иелеріне салтанатты жағдайда тапсыруды дәстүрге айналдыра бастағанын, бұрын өңірде өткізіліп келе жатқан «Каспий – достық теңізі» фестивалін бұдан былай, Каспий теңізі жағалауындағы елдердің шығармашылық байқауы(жазба әдебиет) жобасымен жаңа бағытта өткізсе деген пікірін жеткізе келіп, А.Есет, Ә.Бимағанбет, А.Жаңбырбай сынды дарын иелеріне Қазақстан Жазушылар Одағы мүшелігі куәлігін тапсырды.
Одан соң сөз кезегі тиген Жазушылар Одағы басқармасының аймақтар бойынша кураторы Мереке Құлкенов өзінің алдында сөз сөйлеген Ұлықбек Оразбайұлының өңір жазушылары атындағы әдеби жүлде туралы пікірін нақтылап: «Әбіш Кекілбаев атындағы қомақты, әлемдік Нобель сыйлығы дәрежелес жүлде дайындап, оны 3 номинация – поэзия, проза, драматургия жанры бойынша өнерімен озық шыққан тұлғаға ұсыну керек» деген пікірін білдірді.
Киелі Маңғыстаудың өткені мен бүгіні ізденген қаламгерге тұнып тұрған тақырып екенін, «Қырымның қырық батыры» жыраулар мектебін ұйымдастыра алмай, Ұлы Отан соғысы өрті лаулап тұрған кезде жанқиярлықпен бір Мәриям Хакімжанова тындырған істі көп болып тындыра алмай жүргенімізді жеткізді.
«Ғұлама Әбіштің рухын өскелең ұрпақ сезінуі керек. Маңғыстаудың әрбір тасы Әбіш деп сөйлеп тұрса» нұр үстіне нұр болар еді деген, Мереке Әбдешұлы қазір елімізде қалыптасып отырған пандемияға байланысты оқшауланудың кітап оқуға, шығармашылықпен айналысуға оң әсері тигенін мысалға алып, бүкіл әлемде кітап оқуға бетбұрыс басталғанын атап өтті.
Белгілі ақын Есенғали Раушанов өз сөзінде облыста шығармашылық бағытында жақсы өзгерістер, игі қадамдар орын алып отырғанын айтып, шөлді аймақтың ең бірінші зәрулігі - су тұшыту қондырғысын салу бастамасын қолға алуды жоспарлап жүрген облыс әкімінің атына жылы лебізін білдірді.
Алқалы жиында сөз кезегіне ие болған ақын Айтуар Өтегенов «Маңғыстау ақын-жазушылары кітапханасының 100 томдығын» шығару керектігін, баспасөз саласымен айналысатын тиісті билік өкілдері Алматы қаласындағы «Информ-А» және «Үш қиян» басылымдарының директорлары Бақытжан Қосбармақов пен Махмут Қосмамбетов секілді осы өңірде туып-өскен баспагерлерімен іскер байланыс орнатса деген тілегін айтса, жергілікті жазушылардың ақсақалы Бектұр Төлеуғалиев Ә.Кекілбаевтың академиялық томдықтарын шығару, ұлы жазушы атындағы сыйлық әзірлеу туралы пікірін білдіріп, тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де мемлекеттік тілді төрге шығара алмай отырғанымызға қынжылып, көпке ой салды.
Одан кейін О.Көшбайұлы, Ә.Спан, М.Іңірбаев өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Өлке әдебиеті мен тарихына қатысты бірқатар мәселелерді тізбелеп шыққан белгілі ақын Светқали Нұржан Мереке Құлкеновтің сөйлеген сөзінде мәселе етіп көтерген Мұрын жырау дәстүрлі жыршылар сайысын өткізу үшін әуелі жыраулық мектеп қалыптастыру қажеттігін, ондай мектеп қалыптасқан жағдайда мәселенің өз-өзінен шешілетінін айтты.
Одаққа қабылданғандар атынан А.Есет сөз алып, рахметін жеткізді.
Алқалы жиынды облыс әкімі С.Трұмов қорытындылап, қоғамда болып жатқан түрлі мәселелер бойынша ел бірлігі мен игілігі жолында ақын-жазушылармен ақылдасып, бірлесе атқарар шаруалар аз еместігін, қазақтың қалам ұстаған азаматтарының ел мен қоғам дамуынан ешқашан сырт қалып көрмегенін, әрқашан халықтың сөзін айтып, ел игілігі үшін көптеген жұмыстарды атқарып жүрген қаламгерлер қауымына алғысын білдірді.
Жиында сөз болған Мұрын жыраудың музей үйі мереке қарсаңында ашылғалы отырғанын, оның атындағы «Өнер» мектебінің жобалық сметалық құжаттары дайындалып жатқанын жеткізіп, рухани мәдени нысанның Қ.Сыдиықов атындағы кітапханасы таяуда ашылатынын, ал театрдың іргетасын қалау келер жылғы жоспарда тұрғанын атап өткен Серікбай Өтелгенұлы «Тағы да сол Әбіш ағамыз айтпақшы: «Бүгіннен кейін де заман бар. Бізден де кейін ұрпақ келеді. Келешек алдында ұятқа қалмау – тарихи жауапкершілік!» деді.
Ендеше, ұлт руханиятына одан әрі серпін беріп, елдігімізді нығайтуға ары қарай да бірігіп жұмыла қызмет атқаруға шақырамын. Баршаңызды тағы да Ұлы Дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қалам қуаттарыңыз арта берсін!» деген игі тілекпен алқалы жиынды жапқан облыс басшысы Серікбай Трұмов мерекеге орайында, өлке қаламгерлеріне қаржылай сыйлық тапсырып, «Жазушы» баспасынан жақында жарық көрген Әбіш Кекілбаевтың көптомдық шығармалар жинағының 12 томын тарту етті.
Алқалы жиынның соңы қонағасы дастарханымен жалғасын тапты. Қаламгерлер қауымы өздерінің көкейінде жүрген ойларын өзара ортаға салып, күмбірлеген қара домбырадан сырлы күй тыңдады.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ