Бір жыл бұрын Түркістан облысынан келген 50-ден астам әскери қызметші запасқа шығарылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау гарнизоны баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әскер қатарында қызмет көрсеткен кешегі жастар моральдық жағынан да, физикалық жағынан да шынықты. Бүгін саптық алаңда жас әскерге шақырылушылар емес, теңізшінің жан-жақты кәсіби дағдыларын алған, кемелденген матростар сап түзеді», - деді Әскери-теңіз базасы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Бағдат Мыңбаев.
Әскери қызметке адалдығы, оқу-жауынгерлік міндеттерді сапалы орындағаны үшін матростар грамота, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Бүгін біз нағыз ер, Отан қорғаушы болуды үйреткен бөлімімізбен қоштасамыз. Әскери істі үйреткен командирлерімізді әрқашан есте сақтаймыз және бүкіл сарбаздардың атынан оларға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Барлық жаңа шақырылған сарбаздарға теңізші атағын абыроймен алып жүруді тілеймін», – дейді теңізші Ержігіт Камалов.
Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі мемлекеттік әнұранды орындаумен және әскери бөлім әскери қызметшілерінің салтанатты маршпен өтуімен аяқталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА