Ақтаулық Динара Көктаубайқызы 29 шағынаудандағы «Жанұя» әлеуметтік қолдау орталығында тігін цехын ашқан болатын. Бүгінде ол алты ісмер әйелді жұмыспен қамтып отыр. Басты мақсат – көпбалалы және аз қамтылған аналарды жұмысқа орналастыру, осы кәсіпті меңгеруіне үлес қосу.
«Ақтау қаласының әкімдігі тарапынан қолдау болып, «Жанұя» орталығынан бөлме берілді. Тігін машиналарын сатып алдым. Менімен бірге 2 көпбалалы ана, 1 мүгедектігі бар ана, 2 асыраушысынан айырылған келіншек жұмыс істеп жатыр. Олардың түрлі киімді тігіп, пішуге қабілеттері мен ынталары жеткілікті. Алдымен төсек-көрпе тіге бастадық. Сосын перделер, балалар киімдері, медициналық халаттар, кейін жұмысшыларға арналған арнайы киімдерден тапсырыстар түсті. Әрқайсысын сапалы етіп жасауға әрі тапсырыс берушілердің көңілінен шығуға тырысамыз», - дейді Динара Көктаубайқызы.
Динараның тігін тігуге деген қабілеті анасынан дарыған. Ол тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп, машықтана бастаған соң арнайы тігін курсына барып, біліктілігін жетілдірген. Қазір қарамағындағы қыздарды үйретіп жүр. Қазір тігін цехында қызмет ететін 7 әйел бар.
Айта кетейік, «Жанұя» орталығында аз қамтылған көпбалалы аналар, жеке кәсібін ашуға ниетті жандар мен өздерін толғандырған мәселелерге байланысты кеңес алуға мүмкіндік бар.