Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы пандемия кезінде 160,2 млн теңгеге қонақүй жалдаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Zertteu Research Institute қоғамдық қорына сілтеме жасап.
Қонақүйді коронавирусқа қарсы күрескен медқызметкерлерді оқшаулау үшін жалдаған. Осы мақсатта аталған басқарма 6 өнім берушімен 11 келісімшарт жасаған.
«Fruit Center» ЖШС – 1 келісім (946 мың тг);
ЖК «ЖАКАЕВА А.А» – 1 келісім (8,8 млн тг);
«Caspi Service» ЖШС – 1 келісім (27,5 млн тг);
«МЕРОС» ЖШС – 2 келісім (37,4 млн тг);
«Шелковый путь – Актау» ЖШС – 3 келісім (38,5 млн тг);
«Реабилитационный центр «Шипагер» ЖШС – 3 келісім (46,9 млн тг).
Zertteu Research Institute қоғамдық қорының мәлімдеуінше, техникалық ерекшеліктерде тек «Реабилитационный центр «Шипагер» ЖШС жасалған бір келісімде ғана талаптар бар. Онда «2, 4 номерлі 3, 4, 5, 6 қабаттарда жартылай люкс және стандартты бөлмелер. Таңғы ас берілуі тиіс. Бір орынға 4500 теңге», - деп жазылған.
Қалған келісімшарттың техникалық ерекшеліктерде қонақүйге, номерлерге қойылатын талаптар көрсетілмеген.
Айта кетейік, Zertteu Research Institute қоғамдық қоры пандемия кезінде ел қазынасынан бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын мемлекеттік сатып алу порталы арқылы сараптама жасап отырады. Бұл жолы қонақүй жалдау тендерлеріне зерттеу жүргізуді бастаған болатын.