Облыс әкімі Серікбай Трұмов Ақтау қаласында құрылысы жүріп жатқан бірнеше әлеуметтік нысандарды аралады. Өңір басшысы білім беру мекемелерінің, бокс орталығының және тұрғын-үйлердің жұмысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жылдың сәуір айында құрылысы басталған Шығыс-1 тұрғын-үй массивіндегі жалпы білім бері мекемесі 300 оқушыға арналған. Бас мердігер: «Ақтау НШ» ЖШС. Ал техникалық жұмыстарды «МаңғыстауҚұрылысИнвест» ЖШС қадағалайды. Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Одан әрі облыс әкімі бастаған жұмыс тобы шаhардағы тағы бір мектептің құрылыс барысымен танысты. 34 шағынауданда салынып жатқан орта мектептің құрылысы 2019 жылдың қараша айында басталған. 900 орынға шақталған нысан жыл соңына дейін аяқталады. Құрылысқа жауапты бас мердігер: «Ондасын Строй» ЖШС. Аймақ басшысы Серікбай Трұмов мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы орындап, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Аймақ басшысы «Аққу» 33 шағынауданда орналасқан үшінші кезектегі көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. Құрылысқа жауапты бас мердігер: «Каскор-СМУ» ЖШС, «Альянс Строй LTD-R» ЖШС, «Еврострой» ЖШС. Техникалық жабдықтау жұмысын «Насихат Құрылыс» ЖШС жүргізеді. Тұрғын үйлердің құрылысы 2016 жылдың қараша айында басталды. Жалпы ауданы 88 290,32 м2, ал пәтерлердің жалпы ауданы - 53 438,28 м2 құрайды. Пәтерлер саны- 670. Құрылыс жұмысын аяқтау осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Сонымен қатар өңір басшысы бастаған жұмыс тобы 17 шағынаудандағы “Бокс” орталығында болды. Жобаны North Caspian Operating Company N.V. қаржыландырады. Тапсырыс беруші мекеме: «МаңғыстауҚұрылысИнвест» ЖШС. Бас мердігер: «Темірстройсервис» ЖШС. Жаңа спорт кешенінің құрылысы 2018 жылдың мамыр айында басталды. Мұнда бокспен ғана емес, сонымен бірге дзюдо, таэквондо, күрес, ауыр атлетика сияқты спорт түрлерімен де шұғылдануға жағдай жасалған. Сыйымдылығы 1 500 адам құрайды. Қазіргі күні құрылыс жұмысының 90 пайызы аяқталған. Нысан биыл тамыз айының соңында пайдалануға берілмек.