Жағажай басшылығы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды, 115 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облыстық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің хабарлауынша, мобильді топ «Достар», «Стигл», «Сансет», «Сая» демалыс базаларында рейд жүргізген.
«Достар» қонақ үй кешені мен жағажайда карантин режимінің бұзылуы анықталды. Мұнда әлеуметтік қашықтық, маскалық және дезинфекциялық режим сақталмаған, сондай-ақ бассейннің жұмыс істеуі тоқтатылмаған. Ақылы жағажай басшысы осындағы демалушылар санының сәйкестігін, адамдардың 2 метр арақашықтықта болуын бақылауы тиіс. Департамент мамандары кәсіпкерлерге барлық карантиндік шараларды сақтайды деген үмітпен ақылы жағажайларға жұмыс істеуге рұқсат берген еді», - делінген ақпаратта.
Мобильдік топтың жұмысы жалғасады. Заң бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда материалдар сот инстанцияларына жіберіледі. Ақтау қаласының әкімдігі жағалау аймағында жұмыс істейтін жағажайлар мен демалыс базаларындағы жағдай туралы хабардар етіп, ескерту жасады.
Тұрғындар 8 747 654 0459 WhatsApp нөміріне карантин ережесін бұзғандар туралы хабарлай алады.