Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығы хабарлайды.
Пандемия деп – қауіпті індеттің әлемдік ауқымда таралуын айтады. Ислам – адам баласының өміріне, денсаулығына, сеніміне, отбасына және абыройына аманат ретінде қарайтын дін.
“Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құранда «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» – деп ескерткен. Сондықтан әрбір адам баласы өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және қауіп-қатерден сақтануға міндетті. Мұсылман ғалымдары: «Залалды жою – пайда келтіруден бұрын тұрады» деп тұжырымдаған. Сондықтан жұқпалы ауру тараған кезде азалы жиынға көпшілік болып жиналу еліміздегі санитарлық тәртіпке қайшы. Сол себепті мұндай жағдайда жаназа намазы мен жерлеу істерін марқұмның ең жақын туыстарымен өткізген дұрыс. Өйткені қайтыс болған мұсылманға жаназа намазын оқу – парыз кифая. Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес, жалғыз имам оқыса да жеткілікті. Алайда жаназаны үш қатар болып оқыған абзал”, деді МО “Бекет ата” мешітінің бас имамы Әнуар Ізімбайұлы.
Елімізде қауіпті індеттің өршуіне байланысты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облыстық Бекет ата мешіті МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен онлайн брифингте карантиндік іс-шараларды сақтай отырып, індеттің алдын алу мақсатында ел азаматтарын жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты төмендегі талаптарды орындауға және дін қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуге шақырады.
1. Мәйітті жууды, кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізу;
2. Жаназа намазын жолда, халық көп жиналатын жерде, қоғамдық орындарда өткізбеу;
3. Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмау;
4. Зейнет жасындағы кісілерге, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарға және мектеп жасындағы балаларға жаназа намазына қатыспау;
5. Жаназа намазын ұзағымен 5 минут ішінде өткізу, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай лезде қайтару;
6. Жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдар міндетті түрде бетперде тағу, қол алысып амандаспау. Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі күшейген кезде одан сақтану – әрбіріміз үшін міндет.
Жаназа намазына қатысты талаптарға тоқталсақ:
Жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысуына;
Жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысуына;
Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауға;
Бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауына;
Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтауға;
Індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жууға;
Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмауға;
Жаназа намазы барысында қол алысып амандаспауға;
Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтауға;
Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтаруға;
Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспауға; – Қонақ асын өткізбеуге;
Жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелуге.
Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес. Жаназаны үш қатар болып оқу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі кешіріледі», – деген. Үш қатар жеті адаммен де құрылады, яғни, ең алдында имам, үшеуі бірінші қатарда, екеуі екінші қатарда және біреуі артында тұрады. Жаназа намазын қоғамдық орындарда өткізбеу керек. Өйткені адам жүретін жолда жаназа намазын оқу – мәкруһ. Жаназа намазын арнайы орында оқыған дұрыс. Қабір басын көтеру, кесене салу және оны қоршау жұмыстарын тоқтатып, марқұмның басына белгі қоюмен шектелу керек. Шариғатта қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, марқұмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат беріледі.
8. Халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы т.б. Құдайы астарды елімізде эпидемиологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін тоқтату керек.
“Ислам – адам баласының өмірін, денсаулығын, сенімін, отбасын және абыройын сақтайтын қасиетті дін. Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерткен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзгеге және өзіне зиян тигізуге болмайды», – деген. Сондықтан өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алланың бізге берген аманаты. Мұсылман ғалымдары «Залалды жою пайда келтіруден бұрын тұрады» деген. Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі күшейген кезде одан сақтану – әрбіріміз үшін міндет. Сізде жөтел пайда болып, бойыңызда дене қызуының жоғарылауы байқалса немесе тыныс алу қиынға соққан жағдайда дер кезінде дәрігерге жүгінуге, сондай-ақ, қоғамдық орындарға, тіпті мешітке келуді тоқтатып, құлшылықтарыңызды үйлеріңізде орындауға кеңес береміз! Алла Тағала елімізді, халқымызды жаман аурудан, түрлі пәле-жаладан сақтап, тыныштық пен амандық нәсіп еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!”, деді Әнуар Ізімбайұлы.