Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аудан әкімі Рахат Елтизаровтың айтуынша, Мұнайлы ауданында бүгінге дейін 1338 адамнан сынама (анализ) алынған. Нәтижесінде 119 адамнан «COVID-19» анықталды. Оның ішінде 87 адамнан вирустық инфекцияның симптомсыз, тағы 32 тұрғыннан симптомды белгілері табылған. Тағы 21 медицина қызметкері сырқат жұқтырған.
«Covid-19 инфекциясымен сырқаттанған 65 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жолданды. Қуантарлығы, 55-і аурудан жазылып шықты. 1980 жылы туған Батыр ауылдық округінің тұрғыны қайтыс болды. Сырқаттың клиникалық белгілері табылмаған 46 науқас үй жағдайында ем алуда. Олардың жағдайын учаскелік дәрігерлер толық бақылауға алып, бейнежазба арқылы қадағалауда. Бүгінгі таңда жұқпалы аурулар стационарында 10, провизорлық стационарда 29 науқас, тағы 7 адам обсервациялық стационарда емделіп жатыр» - деді Р.Елтизаров.
Жалпы Мұнайлы ауданы бойынша Басқұдық ауылдық округінде – 24, Маңғыстау ауылында – 50, Батырда – 12, Қызылтөбе ауылдық округінде – 12, Дәулетте – 7, Баяндыда – 4, Атамекен ауылында 10 адам вирус жұқтырған.
Әкімнің айтуынша, аймақтың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 8 маусымдағы «Маңғыстау облысының аумағында карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысына сәйкес Мұнайлы ауданы бойынша жұмыс жасап тұрған объектілерде санитарлық-нормалардың сақталуын қадағалау және профилактикалық іс-шараларды жүргізу мақсатында жұмыс топтары құрылған.
«Олар күнделікті рейдттік шараларды жүргізіп жатыр. Соңғы 15 күнде 395 нысанға және ауданішілік маршруттарға мониторинг жүргізді. Нәтижесінде 10 нысанда санитарлық-нормалардың бұзылуы анықталып, әкімшілік шара қолданылды (айыппұл салынды). Ауданішілік маршрут иелеріне автобус сыйымдылығына сай адам отырғызу, маскамен кіруі талап етілуде. Алайда тұрғындар тарапынан белгіленген талаптарды орындамау фактілері кездеседі. Осы орайда аудан тұрғындарынан автобусқа отырғанда барлық санитарлық-нормаларды сақтауын сұраймыз. Сонымен қатар азық-түлік дүкендерін аралап, бекітілген шекті бағадан аспау туралы ескерту хаттар таратылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін заңбұзушылықтарға жол берген 2 нысанның материалдары сотқа жолданды» - дейді Мұнайлы ауданының әкімі.
Айта кетейік, Мұнайлы ауданында жұқпалы ауруларды емдейтін стационар жоқ. Осы себепті вирус жұқтырған науқастар Ақтаудағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, провизорлық және обсервациялық стационарларға жатқызылып жатыр.
Қазіргі уақытта Мұнайлыда жұмыс істеп тұрған 16 супермаркет, 25 шағын маркет, 375 азық-түлік дүкені, 85 дәріханада дезифекциялау шаралары күнделікті жүргізілуде. Ауданішілік маршруттарда аялдамалардың басы мен соңына тоқтағанда дезинфекцияланады. Аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін пәтер иелер копперативінің қызметкерлері ортақ пайдаланымдағы дәліздерге залалсыздандыру шараларын жүргізеді.
Бұдан бөлек ауыл мен ауылдық округтердегі 29 ойын алаңы, 14 спорт алаңы, 7 Қазпошта бөлімшесі, 9 банк бөлімшелері мен басқа да әлеуметтік ғимараттар, жаяу жүргінші жолдары тұрақты түрде дезинфекцияланған. Сонымен қатар КВИ анықталған тұрғын үйлер мен ғимараттарда да дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.