Қазіргі уақытта қаладағы 337 адамның тест қорытындысынан вирус анықталған. Ал 62 адам емделіп шықса, 2 адам қайтыс болды. Бұл туралы брифингте Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
156 науқас – провизорлық госпитальде, 65 науқас – облыстық аурухананың инфекциялық бөлімшесінде ем алуда. Науқастардың жағдайы толық бақылауға алынған, үй карантинінде 316 адам өзін-өзі оқшаулаған.
«Індетпен күресте жалпы 60-қа жуық дәрігер, 80 мейірбике мен санитарлық қызметкерлер күні-түні жұмыс жасауда. Дәрігерлердің жұмыстан тыс уақытында «Шағала» және «Silk way» қонақ үйлерінде дем алады», - деді қала әкімі Ғалымжан Ниязов.
Брифинг барысында инфекцияның алғашқы белгілерінен күдіктенген тұрғындар үшін сынама тапсырудың екі тәртібі қарастырылғаны айтылды.
1. Жедел-жәрдем шақырту арқылы провизорлық госпитальге немесе туберкулездік диспансерге тест тапсырып, нәтижесін шыққанша күтеді. Бұл – тегін.
2. Қала бойынша 5 жеке меншік зертхана арқылы тапсыра алады.