Ақшұқыр маңынан ұсталған арыстанның иесі іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Еске сала кетейік, бүгін Ақшұқырда сыртта емін-еркін жүрген арыстан туралы хабар келіп түскен. Аңды инспекторлар ұстады.
Осы оқиғаға байланысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет түсінік берді. Оның айтуынша, 25 маусым күні сағат таңғы 05:30 шамасында жергілікті халықтан Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының маңында арыстанның жүргені туралы хабарлама келіп түскен.
«Маңғыстау облысының Полиция департаменті мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық департаменті жабайы аңды ұстауға шықты. Мамандар арыстанды ұстады. Қазіргі уақытта арыстан «Қошқар Ата» елдімекенінде бақылауда», - деп жазды Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында.
Аңның жасы шамамен 1-1,5 жаста. Арыстан – аталық (еркегі ызақор деп аталады). Африкалық арыстанның бір түрі. Түріне қарағанда үй арыстаны. Адамдардан қорықпайды. «Арыстан СИТЕС конвенциясының (жоғалу қаупінде тұрған, жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы бойынша конвенциясы) тізіміне енгізілген.
«Оның иесін анықтап, құжаттар тексерілгеннен кейін арыстанның жайы ары қарай не болатыны шешіледі», - деп жазды ол.