Облыс әкімі Серікбай Трұмов Ақтау қаласын абаттандыру, тазалық жұмыстарын сапалы ұйымдастыру мәселесіне қатысты жиын өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиынға қала әкімі Ғалымжан Ниязов қатысты. Ол шахардың даму келбеті, жоспарланған жұмыстардың орындалуы және алда атқарылатын бірқатар жобалар бойынша баяндама оқыды.
Қала әкімінің айтуынша, қаланың әрбір тұрғыны жылына шамамен 300 кг тұрмыстық қатты қалдық шығарады, оның 75% тамақ қалдықтары, шыны, қағаз бен картон екен. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер саны 2500 дана. Оның 1600-і «Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің еншісінде, 900 данасы «Каспий оперейтинг» ЖШС тиесілі.
Қазіргі таңда қала көшелерін 481 адам тазалап жүр, негізгі техникалық ерекшелікке сәйкес тазалаушы саны 737 адам болуы қажет. Демек жұмысшы жеткіліксіз.
Айта кетейік, биыл қала аумағына жаңадан жасыл желектер отырғызылмады. Есесіне жаңа суару жүйесін іске қосу жоспарланған болатын. Бүгінде жаңадан суару құбырлары шағынаудан периметрлері, саябақтар, скверлер және әуежай жолына орнатылып жатыр. Алайда аймақ басшысы Серікбай Өтелгенұлы бұл бастаманың жүйесіз ұйымдастырылғанын тілге тиек етіп, қала әкімінің жұмысын сынға алды.
Сонымен қатар қала бойынша 22 көпқабатты тұрғын үй сырланды.
Жиын соңында өңір басшысы Серікбай Трұмов қаланың тазалығы, уақытылы суару жұмыстарын жүйелі жүргізу, осы салаға жауапты мекеменің мамандарына тиесілі жұмысқа жауапкершілікпен қарап, сапалы ұйымдастыру, ғимараттардың сыртқы келбетіне мән беріп, әуежайдан бастап қала ішіндегі билбордтарды жаңартуды тапсырды. Егер жұмыс өз деңгейінде орындалмаса жауапты мамандарға шара қолданатынын да атап өтті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ