«Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығының астарынан бір ғана мәселені, яғни, бала тәрбиесінің өте күрделі процесс екендігін айқын ұғынуға болады. Тәрбиені қажет ету мәселесінің адамзат қоғамымен бірге келе жатырғаны да талас тудырмайды. Тәрбие мәселесі әрбір кезеңде озық ойлы ойшылдар мен тәлімгерлердің еңбектері мен пайымдық ой-пікірлерінен де көрініс тауып отырған. Солардың қатарынан, өз заманында «Екінші Аристотель» атанған Әбу Насыр әл-Фараби де тыс қалмайды. Ағымдағы жылы әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Қазақстан тарихы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Ұлы ойшыл, ғұлама – Әл-Фарабидің даналық негіздері» атты университетішілік айлық өткізілді.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы» деген Әл-Фарабидің атақты қағидасына сүйене отыра, ұлы ойшылдың тәрбие жөніндегі ілімдеріне тоқталуды жөн көрдім. Әл-Фараби шығармашылығында көрнекті орын алатын мәселенің бірі – тәрбие мәселесі. Тіпті, оқып-білім алу, ғалым адам болу мәселесін тәрбиемен тығыз байланыстырады. Мәселен, «Философияны үйрену үшін алдын-ала нені білу қажет» деген еңбегінде ол: «ғылым үйренуге кіріспекші кісі ... тәрбиелі, адамгершілігі мол, адал, қулық-сұмдықтан және басқа ағат мінез-құлықтан аулақ болуы қажет»,- деп түйіндейді.
Әл-Фарабидің гуманитарлық көзқарастары мен пайымдаулары «Бақытқа жету жайында» атты философиялық еңбегіндегі түсіндірулермен көрінген. Тәрбиеге анықтама бере келіп, ол: «Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту әдісі деген сөз... тәрбиелеу кезінде халықтар мен қала тұрғындарына білімге негізделген қасиеттерден туатын іс-әрекет жасау дағдысы сіңіріледі, олар осындай іс-әрекетке жігерлендіріледі, осы әрекетті жасау тілегі қоздырылады, осы қасиеттер және бұлармен байланысты әрекеттер адамдардың жан-дүниесін баурап алатыңдай және адамдарды осыған жан-тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді»,- деп жазды.
Тәрбие мәселесін әл-Фараби осындай кең мағынада түсіне отырып, тәрбиенің жалпы халықтар мен қала тұрғындарының өмірінде алатын, атқаратын орнын жоғары бағалайды. Дұрыс тәрбие берілмеген халықтар мен қала түрғындары «надан» халықтар немесе қала тұрғындары (қоғам өкілдері дегені) деп аталып, ондай қалалардың түрлері, адамдарында кездесетін нашар мінез-құлық, іс-әрекеттер сипатталады. Әл-Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол ғылымды тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы, деген анықтама берген. Фараби өмір сүрген дәуірде педагогика ұғымы болмағаны белгілі. Алайда ол оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасады. «Еңбектің өзі – өнер. Ал еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету дағдысын қалыптастырады»,- деген болатын Фараби. Ол еңбек өмір сүрудің негізі, адамзат тіршілігінің мәңгілік, табиғи шарты деп қарастырды.
Фарабидің пікірінше, оқу, тәрбие, білім алу, еңбек ету, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесіне тығыз байланысты. Фараби ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғы шарты етіп алды. Еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда ол Аристотель негізін салған теорияның анықтамасына сүйенеді. Демек, ол қандайда болсын құбылысты түсіндіруге бағытталған ұғымның, идеяның, белгілі бір саласының мәнді байланыстары мен заңдылықтары жөнінде толық түсінік беретін ғылыми білімді қорытудың ең жоғарғы формасы деген қағиданы ұдайы басшылыққа алған Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын «Өзінің ішкі құрылымы жағынан бір-бірімен логикалы байланыста болатын біртұтас білім жүйесін құрайды»,- деп тұжырымдайды.
Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ, бұл тұжырым – «оқушыларға саналы тәртіп, сапалы білім беру, пайдалы қоғамдық еңбекке баулу»,- деген сөз. Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін еңбектің адамның жан-жақты дамуы үшін маңызы зор екенін атап көрсетеді. Адамдардың, әсіресе, жастарды тәрбиелеу жүйесінде Фараби бірінші орынға шынайы бақытқа жетуге кепіл болатын мінез-құлық тәрбиесін қояды. Кең мағынада алып қарасақ ғұлама бұл тәрбие ауқымына еңбек, эстетика, дене, гуманистік, патриоттық, т.б. тәрбиелер түрлерін енгізіп қараған сияқты. Әл-Фараби өзінің «Азаматтарды бақытқа жетелеудің жолы» атты еңбегінде: «қала әкімі мен мұғалім бірдей дәрежеде тәрбиеші болып табылады. Мұғалім бала тәрбиелесе, әкім қала тұрғындарын тәрбиелейді»,- деп тұжырымдайды. Оның пікірінше: «оқып-білім алу арқылы дүниені танып білуге, оның әсемдігі мен толыққандылығын байқауға болады. Әрі оқып-білу үшін, әртүрлі кәсіпті меңгеру үшін, адамгершілік қасиетті қалыптастыру үшін, талмай еңбек етіп, ерік-жігерді дамыту қажет, әрі оған тәрбиелеу және өзін-өзі тәрбиелеу арқасында жетуге болады».
Әл-Фараби тәрбие үрдісінде «Қатты әдіс» пен «Жұмсақ әдісті» ұштастыруды талап етеді. Ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтап кеткен. Қазіргі тәрбие үрдісі тұрғысынан қарағанда «қатты әдіс» деп отырғаны жазалау, ал «жұмсақ әдіс» деп отырғаны – мадақтау. Демек, Фараби педагогикалық ықпал ету әдістерін алғаш ұсынған, оның тиімділігін дәлелдеп кеткен ғалым.
Фарабидің ілімі бойынша, адамның рухани бет-пердесі, мінезі мен жүріс-тұрысы қоғамдық орта, тәрбие әсері, адамның еркі ауру сияқты көптеген объективтік және субъективтік себептердің әсерімен қалыптасады, өзгереді. Фарабидің пікірінше, тәрбиеге көнбейтін, жөндеуге, түзетуге болмайтын жас болмайды. Тек ретін тауып үйретуден, баулудан жалықпау керек. «Жаман қылық – ол жан ауруы. Бұл ауруды кетіру үшін тән ауруын емдеуші дәрігерге ұқсауымыз керек»,- дейді ғұлама. Фараби «Бақытқа жету жолы» атты трактатында жастарды батырлық, жомарттық, қайырымдылық, қанағаттылық, шешендік, доспейілділік, т.б. қасиеттерді қалай тәрбиелеу қажеттігі жайлы нақты баяндайды.
Әл-Фараби өзінің педагогикалық жүйесінің белгілі құрамды бөлігі ретінде бала тәрбиесі мен оқыту мәселесін алып, баланың жеке және жас ерекшелігіне мән беріп, балаға қамқорлықпен қарап, қарым-қатынас жасауға баса көңіл бөледі. Ежелгі грек ойшылдарына сілтеме жасай отырып ғұлама балаларды белсенді түрде оқытуды 7-8 жасынан бастауды нұсқайды. Әрине, ұлы педагогтың халықтық тәрбие дәстүрлерін алып пайдаланып және оны өз жүйесіне енгізіп қана қоюмен шектелмеуі әбден табиғи нәрсе. Ол педагогикалық құбылыстардың жиынтығын байыптады, тәрбие және тәрбиелеу орындары мәнін түсіндіруге жаңа мазмұн беріп, әрі қарай шығармашылықпен дамыта алды.
Әл-Фарабидің айтуы бойынша, нағыз ұстаз ғана айтқанын екі еткізбейтін, ешкім шағым жасауға батылы бармайтын, білімі телегей-теңіздей, ақыл-ой парасаты да, ерік-жігеріне де ешкім тең келе алмайтын адам. Осындай қасиеттері бар ұстаз ғана шәкіртке үлгі-өнеге көрсетеді, ол халықты соңына ертіп, оның мұң-мұқтажын, талап-тілегін орындай алады. Адамның мінез-құлқын тәрбиелеуде ойшыл ұстаздардың жүріс-тұрыстарына, сөйлеген сөзіне, қимылына, жеке бас мәдениетіне баса назар аударып, оқушының сапалы білім алуына ұстаздың осындай қасиеттері үлкен роль атқаратынын айтады.
Сонымен, дүниежүзілік ғылым мен мәдениеттің алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ойшылдың педагогикалық мұрасы да ұшан-теңіз, мол дүние. Ұлы ғұлама өз еңбектерінің көпшілігін ұстаздық тұрғыдан, тәлім-тәрбиелік мақсатқа орайластыра жазған.
Гүлфарида Қамиева,
Ш.Есенов атындағы КМТИУ,
«Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы,
«Тарих» мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі