Бейнеу аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 279 адам жұмысқа орналасты. Бұл туралы Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Әзірханов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 275 контингент міндетті жұмысқа орналасуы керек болатын. Қазіргі таңда 279 адам жұмыспен қамтылды, негізгі жоспар 101,5 пайыз орындалды. Жұмысқа тартылған азаматтардың бір айлық жалақысы 85 – 150 мың теңге аралығында», - дейді аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әзірханов.
Оның айтуынша, төменгі лауазым иелері, яғни кіші жұмысшыларға 85 мың теңге белгіленді. Ал тиісті маман лауазымынан жоғары барлық мамандықтардың жалақысы 150 мың теңгеден төмен емес. Кіші жұмысшыларға 85 мың теңге жалақы белгіленудің басты себебі – аудандағы жалақы төлеу тепе-теңдігін сақтау.
Айта кетейік, Жол картасы бағдарламасы бойынша мамыр айына жоспарланған қаржы – 450272,0 мың теңге. Қаржы толығымен игерілген, жоспардың орындалуы – 100%.