Бала құқығын қорғау түсінігі қазақ қоғамы үшін таңсық не жат дүние емес. Егде жанға ерек ізет, қарияға риясыз құрмет таныту, балаға қамқор болу қағидатын отбасының берік іргесі ретінде бекіткен, сыйластық пен сүйіспеншілік тең үйлесім тапқан, бақ-береке орнаған ортада саналы, жігерлі ұрпақ өсіп жетіледі. Ұрпақ тәрбиесіне аса ұқыппен қараған қазақ халқының «балаңды бес жасына дейін патшаңдай сыйлап, хандай көтер, он бес жасқа дейін еңбекке баулы, жұмса, ал он бестен кейін ізгі досыңдай сырлас, сыйлас» деуінің астарында өмірлік пәлсапа, терең таным тұнып тұр. Десек те жаһандану үрдісіне еркін әрі екпінмен ілескен жаңа қоғамда қазақ халқының дәстүрлі отбасы құндылықтарына өгей, ұлттық таным-түсінігіне жат түрлі оқиғалар жиі орын алып жатқандығы қынжылтады. Соның ішінде отбасы мүшелерінің қолын қанға малып, қатігез қылмысқа міз бақпастан баруы, нәзік жандылар мен бейкүнә балаларға зорлық, қысым көрсетуі, біздің бүгінгі қоғамның ауыр кеселі, қасіреті демекпіз. Мұндай жайттарды сана таразысында салмақтап, ой елегінен екшеп, саралай келе балалар құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесін қоғамдық талқыда тұрақты ұстау, билік көзінен таса қылмай, мән-маңызын арттыра түсу аса қажет екендігін пайымдаймыз.
Адам құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қарсы күрес саласында ұзақ жылдар бойы нәтижелі еңбек етіп жүрген «Мейірім» орталығының төрағасы Александр Муха мәліметіне иек артсақ, бала құқығы мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жан-жақты ауқымды жұмыстар елімізде Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары ақ белсенді жүзеге асырыла бастаған. Бала құқықтарының қазіргі тарихы 1994 жылы Қазақстанда Балалар құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаудан басталады. Қазақстан бұрынғы кеңестік елдер кеңістігінде алғашқылардың бірі болып Конвенцияға қосылды және оны ратификациялады, сондай-ақ оның екі факультативтік хаттамасын ратификациялады. Маңғыстау өңірін жеке-дара қарастырар болсақ, кәмелетке толмағандар құқығын қорғау бойынша ахуал жыл сайын оң серпінге ие болуда. Облыста жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара өрбіткен ортақ игі іс, жасампаз жобалары нәтижесінде отбасы құндылықтарын кең ауқымда насихаттау, бала құқығын қорғау бағытында ақпараттық-түсіндіру, кеңес беру науқандары үздіксіз әрі жүйелі жалғасын тауып келеді.
«Оқырманға мәлім, биыл жер жүзін жайлаған қауіпті індеттің ел аумағына ентелей еніп, қаулаған өрттей өршуіне орай республика көлемінде төтенше жағдай режимі жарияланды. Ел Үкіметі тарапынан азаматтар денсаулығына төнген қатерге сақадай сай әзірлікпен дер кезінде тойтарыс беру, қорғаныс шараларын ұтымды ұйымдастыру мақсатында санитарлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, әлеуметтік арақашықтық ережесін бұзбау міндеттеліп, карантин мерзімі аяқталғанға дейін үйден шықпай, оқшаулану талап етілді. Сынақ мерзімі кез келген жанның психологиялық-эмоциналдық көңіл-күйіне әр қалай әсер еткендігі жасырын емес. Бұрын қызмет бабы, күнделікті тұрмыстың қауырт қажеттіліктерімен уақытының басым бөлігін түзде өткізетін отбасы мүшелері үшін карантин тосын әрі күтпеген жайт болды. Баспасөз бен телевизиядан көріп-естіп отырғанымыздай кей отбасыларда ұрыс-керіс, өзара келіспеушіліктер мен кикілжіңдер күрт көбейсе, өзге біреулер үшін карантин бос уақытты жаныңа жақын жандармен көңілді әрі тиімді өткеру, балалар мен олардың қызығушылықтарына көңіл бөлу, сүйікті жанұяңа ыстық ықыласыңды білдіруге таптымас мерзімдей көрінді. Әрине аталаған мәселенің түбіріне бойлау біршама уақытты талап етеді. Бұл отбасы құндылықтары, ата-ананың өмірлік ұстанымы мен өмір сүру қағидаттары, дүниетанымы мен көзқарасы, тәлім мен тәрбие секілді аса ауқымды факторларды жанап өтері түсінікті. Біздің ұйым қызметінің бір тармағы отбасыдағы зорлық-зомбылық фактілерімен күрес екендігін атап өткен едім. Мәселен, карантин мерзімінде біздің қауырт желіге 12 жан қоңырау шалып, отбасыда әлімжеттік пен өзге жанның денсаулығына қауіп төндіру оқиғалары орын алғандығы жөнінде анонимді ақпаратпен бөліскен еді. Біз әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдай отырып, кәсіби мамандармен кеңесе келе, қолымыздан келген көмекті көрсеттік.
Балалар құқығын қорғау мәселесіне оралсақ. Елімізде кенеттен орнаған төтенше жағдай режиміне байланысты кәмелет жасқа толмаған балалар шоғырланған көптеген арнайы мекемелер сыртқы ортадан оқшауланып, қандай да бір ашықтық пен қоғаммен байланысты қамтамасыз ететін мәдени іс-шараларды ұйымдастырудан қол үзіп қалғаны мәлім. Осыған орай Адам құқықтарын қорғау бойынша қазақстандық халықаралық бюро бастамасымен аталған мекемелердегі балалармен онлайн-жүздесу ұйымдастыру жобасы қолға алынған болатын. Маңғыстау облысы бойынша жобаға біздің ұйым жетекшілік етті. Біз өңірдегі арнайы мектеп-интернаттарда тәрбиеленіп жатырған балалармен онлайн жүздесулер ұйымдастырдық. Ол үшін халықаралық бюро мамандары ғаламтор желісінде онлайн платформа жасақтады. Жоба қатысушыларына онлайн-платформа мен мобильдік қосымша сілтемесі жолданды. Онлай-платформа балалар мен жоба жетекшілерінің кедергісіз және ешқандай қысымсыз еркін форматта әңгіме-дүкен құруына мүмкіндік берді. Маңғыстау облысындағы арнайы білім беру ұйымдарында жалпы ахуал тұрақты деуге толық негіз бар. Балалардың көңіл-күйі бірқалыпты, үйлесімді тамақтану жүйесі бар, азық-түлік өнімдерінің сапасы мен құнарлылығы талаптарға сай, карантин мерзімінде бос уақытты тиімді өткеруге жан-жақты жағдай да жасалған. Жуырда өтетін барлық өңірдегі жоба жетекшілерінің қорытынды жиынында біз өз тарапымыздан мұндай онлай-жүздесулердің карантин аяқталған мерзімнен кейінде жүйелі ұйымдастырылуы жөнінде ұсыныс жолдағымыз келеді. Себебі бұл жоба арнайы мекемелердегі балаларға сенім мен еркіндік сезімін ұялататын тиімді тәжірибе болғандығы анық», - деп атап өтті Александр Муха.
Александр Муха жетекшілігімен «Мейірім» орталығының ұжымы жыл сайын облыстағы орта және арнаулы білім беру ордаларында ақпараттық-кеңес беру іс-шаралары мен кездесулерді жиі ұйымдастырады. Балаларға жеке құқықтары туралы ақпарат беріп, оларды қызықтыратын сауалдарға толыққанды жауап қатып, арнайы оқулықтар мен ақпараттық парақшаларды таратады. Бұл үрдістің балалардың жастайынан құқықтық сауаттылығын арттыруға да үлесі зор екендігі түсінікті.
Сұхбат барысында карантин мерзімінде туындаған тағы бір өзекті мәселе төңірегінде ой қозғалды. Бұл әрине халықаралық транзиттік дәліздер қабысқан Маңғыстау облысындағы еңбекші мигранттар мәселесі. Төтенше жағдай режимі көршілес елдерден күнкөріс қамымен келіп, нәпақасын тауып жүрген еңбеккерлерге оңайға соққан жоқ. Соның ішінде бүтіндей бір отбасымен жұмыс берушілерді жағалаған өзбекстандық азаматтар көмекке аса мұқтаж екендіктерін айтып, «Мейірім» орталығына арызданады.
«Біз мигранттардың арызын негізге ала отырып Қазақстан және Өзбекстан халықаралық көші-қон ұйымдарына, Өзбекстанның бас консулдығына хаттар жолдадық. Ұйымға келіп түскен өтініш-арыздардың нәтижесінде көмекке аса мұқтаж жандардың тізімі жасақталды. Олардың саны бүгінгі таңда – 12. Өзбекстан халықаралық көші-қон ұйымы тарапынан әрбір отбасы мүшесіне тиісті қаржы бөлініп, оның көлемі бекітілді. Ендігі кезекте тізімдегі азаматтарға азық-түлік кәрзеңкелері табысталады. Бұдан бөлек жеке гигиена құралдары мен санитарлық қауіпсіздікті сақтауға арналған антисептикалық заттар мен бетперделер таратылады. Бұл әрине көмекке зәру жандар үшін зор қолдау болмақ. Айта кетер жайт, азық-түлік өнімдері мен олардың көлемі Өзбекстан халықаралық көші-қон ұйымының дәрігер маманы бекіткен талапқа сай сатып алынады», - дейді А.Муха.
«Мейірім» орталығы алдағы уақытта да балалар құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында қоғамдық-мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді кіріспек. Жаз маусымында флешмобтар мен науқандар өткізу жоспарланған.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ