Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңірдегі діни қызметкерлермен кездесу өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Іс сапардың негізгі мақсаты – ата-баба қастерлеген киелі орындарға зиярат жасап, құран бағыштау. Әр өңірдің діни ахуалымен танысып, діни қызметкерлермен кездесу өткізу.
Алдымен Бас мүфти Наурызбай қажы облыс әкімі Серікбай Трұмовпен кездесті. Содан соң облыстық Бекет ата мешітінде аймақтағы имамдардың қатысуымен өткен «Зияткер имам келбеті» атты жиынға қатысты. Онда имам алдындағы жауапкершілік, өзара татулық пен бірлік, имам этикасы, жамағатпен байланыс орнатып, халыққа көңіл бөлу сынды тақырыптар қозғалды. Бас мүфти имамдарды жан-жақты білімді болуға, өзін дамытып, халықпен етене жақын болып, тура жолға бастауға, сондай-ақ отанды сүю арқылы бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
«Құрметті имамдар, біз жауапкершілік жағынан өзімізді қарапайым санаймыз. Сондықтан да жауапкершілікті ешқашан әлсіретіп алуға болмайды. Сіздер дін басқарып жүрген адамсыздар, сондықтан қызметтегі жауапкершілікті ерекше сезінулеріңіз керек. Біріншіден, адам баласы өзінің рухының, жанының және тәнінің таза болуына көңіл бөлуі керек. Адамның ішкі дүниесі, ойлауы, ниеті тазаруы керек. Ал имамдар ең бірінші қасиетті Құранда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде айтылған білімді, бабалар ұстаған жолды ұстанып өзімізді тазартуымыз керек. Адам бойындағы ерекше қасиеттерді елге насихаттамас бұрын өзіміздің бойымызды барынша түзеуіміз керек», - деді жиын барысында.
Сонымен қатар отан тыныштығының сақталуына үлес қосып, ел берекесі мен бірлігін нығайту үшін жұмыс істеу керек екендігін де тілге тиек етті.
Бас мүфтидің айтуынша, Маңғыстау облысында діни ахуал тұрақты.
«Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Бүкіл әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға мақтау айтамыз. Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат пен сәлем болсын! Мешіттеріміз жамағатқа толы, имамдарымыз жұмыстарын істеп жатыр. Маңғыстау облысының бас имамы айтып өткендей көптеген маңғыстаулық азамат жоғары білім беру саласында оқып жатыр, биыл медреселерді көптеген бала бітіріп келеді. Аллаға шүкір, жылдан жылға өсіп келе жатырмыз. Енді осы тұрақтылықты сақтап қалу, оны әрі қарай дамыту – әрбір діни қызметкердің міндеті. Алдағы уақытта ҚМДБ осы өңірдегі дін саласын жетілдіруге барынша үлес қосады», - дейді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжановтың айтуынша, қазіргі таңда маңғыстаулық 93 шәкірт «Нұр-Мүбәрәк» университетінде білім алып жатыр. 45 шәкірт медреселерде білімін жетілдіріп жатыр. Алдағы бес жылдықта кадр мәселесінен қиындық туындамайды.
Шара соңында маңғыстаулық діни қызметкерлер арнайы іс сапармен келген Бас мүфти Наурызбай қажыға алғыс айтты. Жиын соңы батамен аяқталды.
Айта кетейік, Бас мүфтидің алғашқы сапары Түркістан облысынан басталды. Содан кейінгі сапары Семейге жалғасқан болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН