Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті.
Облыс басшысы Бас мүфти бастаған делегациямен кездесу кезінде өңірдегі діни ахуал сөз болып, дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру, оларға әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызы талқыланды. Сонымен қатар жастар арасында діни оңалту жұмыстарын жүйелі жүргізу мәселесі де назардан тыс қалмады.
Серікбай Өтелгенұлы ізгілік жолындағы бастамалар мен игі қызметте жүрген имамдарды қолдау ортақ іс екенін жеткізді.
"Маңғыстау облысындағы діни ахуал - менің жіті назарымда. Сондықтан осы өңірдегі имамдардың білімін шыңдап, тәжірибесін арттыруға маңыз беріп келемін. Ендігі мақсат - елдің игілігі мен халықтың болашағы жолында бірлесе отырып қызмет ету. Осы бағытта сіздермен ынтымақтаса отырып, ортақ шараларды атқарудың маңызы ерекше", - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесу соңында тараптар діни саладағы жобаларды жүзеге асыруға, діни оңалту шараларында ынтымақтастық танытуға уағдаласты.
Анар ШАМШАДИНОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ