4, 3 және 8 «а» шағынауданында периметрлер бойынша жаяу жүргіншілер жолына жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
4-шағынаудандағы жаяу жүргіншілер жолынының жөндеу жұмыстарына «Ағашты -1» мердігер мекемесі жауапты. Жаяу жүргіншілер жолының аумағы – 6 мың шаршы метр. Жөндеу жұмыстары 3 ай ішінде толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
«Бүгінгі таңға дейін 420 шаршы метр аумаққа асфальт төселді. 4-шағынаудандағы жаяу жүргіншілер жолының екі жағындағы бетон жақтаулар кетіп қалған, асфальт беті шұрық тесік, жарылып кеткен болатын. Негізі дефектілік актілері бұрынғы жылдары жасалған еді. Қаржының тапшылығына байланысты, бұл жұмыстар кейінге қалдырылып келді. Енді алдағы 3 айдың ішінде жаяу жүргіншілер жолы түгелімен ауыстырылады», - дейді Ақтау қалалық тұрғын-үй комуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев.
Ал 3-шағынаудан периметрінің жаяу жүргіншілер жолының жалпы аумағы – 1,9 км. Аталған тротуардың жұмыстары кезең-кезеңмен орындалады. Мердігер мекеме «Беркан» ЖШС өкілінің айтуынша, тұрғындардың жүріп- тұруына ыңғайсыздық тудырмау мақсатында жаяу жүргіншілер жолы 200 метрден кезекпен жөнделеді.
Бүгінде алғашқы 200 метр аумаққа демонтаж жасалып, жиек тастар орнатылып жатыр. Жұмыстарды екі ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
8 «а» шағынаудан периметрінің жаяу жүргіншілер жолының жөндеу жұмыстарына «Global west constraction» ЖШС жауапты. Алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Сонымен қатар тіреу қабырғаларын сырлау, 14-15 шағынаудандардағы кіші баннерлерді қалпына келтіріп жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА