«ӘМСҚ» КЕАҚ Басқарма Төрағасы Айбатыр Жұмағұлов Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы барысында ауруханалар мен емханалардың қаржылық көрсеткіштеріне валюта бағамының өзгеруі, іскерлік белсенділіктің құлдырауы, халық пен бизнестің кейбір санаттары үшін медициналық сақтандыру төлемдері бойынша кейінге қалдыру, сондай-ақ, карантин тәртібінде медициналық көмектің кейбір түрлерінің қысқаруы әсер еткендігін мәлімдеді.
Қор басшысы «Осы шаралардың барлығы Қор қызметіне белгілі бір жүктеме алады. Осыған қарамастан, Қор медициналық ұйымдарды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету және азаматтардың медициналық қызметтерді алуы үшін дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырады. Жалпы МӘМС жүйесіне қосымша жүктеме жалпы 134 млрд-тан астам теңгені құрайды», – деп атап өтті.
Оның айтуынша, Қор медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығына талдау жасап, оған сәйкес медициналық қызмет көрсетушілердің барлығы шартты түрде төрт топқа бөлінген:
I - топ – бұл медициналық қызметтерді қаржыландыру жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаттарына негізделетін және орындалған қызметтердің көлеміне байланысты емес медициналық ұйымдар. Бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек (емханалар), жедел жәрдем, онкология, психиатрия, тубдиспансерлер және т. б. ұйымдары, сондай-ақ ұсынылатын медициналық көмек көлемін төмендетпеген медициналық ұйымдар. Олар бойынша қаржыландыру толық көлемде сақталады. Сондай-ақ, инфляцияны өтеу үшін екінші жартыжылдықта төлем тарифтерін арттыру жоспарлануда. Бұл топқа медициналық қызметтерді жеткізушілердің 80%-ы кіреді.
IІ - топ – бұл COVID-19 бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тартылған және тиісінше жеткіліксіз қаржыландырудың ең аз тәуекелдері бар медициналық ұйымдар. Алайда, оларда жоспарланған медициналық көмектің қалған көлемін орындамау қаупі бар.
«Ал үшінші топ — карантинге байланысты көрсетілетін қызметтер көлемінің, оның ішінде жоспарлы емдеуге жатқызудың төмендеуін сезінетін медициналық ұйымдар. Мұнда біз бірнеше іс-шаралар әзірледік: қосымша аванс өткіздік, аванс ұстап қалу кестесін өзгерттік, сондай-ақ екінші тоқсанда орындалмайтын қаржыландыру көлемін 2020 жылдың екінші жартыжылдығына қайта бөлдік. Осылайша медициналық ұйымдар өздерінің жылдық көлемін орындай алады. Оған қоса инфляцияны өтеу үшін екінші жартыжылдықта көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу тарифтерін ұлғайтамыз.», – деді Айбатыр Жұмағұлов.
IV топқа жете қаржыландырылмау тәуекелі бар консультациялық-диагностикалық қызметтерді қоса орындаушылар жатады. Үшінші топқа қатысты осындай қолдау шаралары екінші және төртінші топтарға да қолданылады.
Естеріңізге сала кетейік, 22 мамырда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жанындағы Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Қоғамдық кеңестің құрамына денсаулық сақтау саласының сарапшылары Мақсұт Құлжанов, Абай Байгенжин, Юрий Пя, Нұрлан Батпенов, Серік Ақшолақов, сондай-ақ саясаттанушылар, экономистер, қоғамдық пікір көшбасшылары және журналистер Айдос Сарым, Игорь Шахнович, Игорь Неволин, Расул Рысмамбетов, Расул Жұмалы, Марат Қайырбеков, Андрей Чеботарев және басқалар кірді.
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" Маңғыстау филиалы