Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты төтенше жағдай кезінде, сондай-ақ осы кезеңнен кейін жұмыспен қамтамасыз ету үшін Жұмыспен қамту жол картасы әзірленіп, бекітілді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қабылданған Жол картасының негізгі мақсаттары:
- жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу;
- қосымша жұмыс орындарын құру және халықта табыстың болуын қамтамасыз ету;
- елді мекендердің инфрақұрылымдық дамуы үшін жағдай жасау.
Жол картасын орындауға Маңғыстау облысы үшін 34 млрд теңге қарастырылған. Барлығы 144 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 8 911 жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 400-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Жұмыспен қамту жол картасы келесі бағыттар бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды көздейді:
1) Әлеуметтік-мәдени нысандар: барлығы 63 жоба, 2 829 жұмыс орнын құрумен, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы осы жұмыс орындарына 1 387 адам жұмысқа орналасады.
2) Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары: 37 жоба, 2 829 жұмыс орнын құрумен, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы осы жұмыс орындарына 1 414 адам жұмысқа орналасады.
3) Инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандары: барлығы 30 жоба, 1 382 жұмыс орнын құрумен, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы осы жұмыс орындарына 792 адам жұмысқа орналасады.
4) елді мекендерді абаттандыру бойынша 13 жоба, 1 455 жұмыс орнын құрумен, соның ішінде жұмыспен қамту орталықтарынан 753 адам жұмысқа орналасады.
Жол картасы шеңберіндегі жобаларға қатысу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну қажет.
Жұмыспен қамту жол картасы аясында бүгінгі күні мердігерді анықтау бойынша тиісті конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Мердігерлердің басым бөлігі осы айдың соңына дейін анықталады.
Бұл ретте мердігерлермен шарттар жасау кезінде бірқатар принциптік талаптар қойылады:
1) жобаны орындау барысында қызметкерлердің кемінде 50% - ы жұмыспен қамту орталықтарынан тартылуы тиіс.Бұл ретте олардың жалақысы 150 мың теңгеден кем болмауы тиіс.
2) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің кемінде 90% жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынуы тиіс.
Барлық осы талаптар орындалуы тиіс. Жергілікті жерлердегі әкімдер мұны бақылайтын болады.