Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 6 оқушысы Назарбаев Университетінің Direct бөліміне оқуға түсті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілетеме жасап.
Зияткерлік мектептің 12-сынып оқушылары Айгерім Шораева, Даяна Булатбекова, Айжұлдыз Надирханова, Әмірбек Сағызбаев, Ғаламмадин Асқар, Іңкәр Оңаш Computer Science, School of Engineering, Digital Sciences мамандықтарын таңдаған. Білім грантын алған оқушылар оқуда озат және университет талап еткен барлық емтихандарды (IELTS,SAT, NUFYPET) сәтті тапсырып, жоғары нәтиже көрсетті.
«Назарбаев университетіне түскен 6 оқушының біреуі ғана аталған университетте білім алатынын нақтылады. Бір түлегіміз Оңтүстік Кореядағы оқу орнына түсуіне байланысты бас тартты. Қалған оқушыларымыз ойлану үстінде. Өйткені олар басқа да университеттерге құжат тапсырған еді. Солардың жауабын күтіп жүр», - дейді кәсіби бағдар беру бойынша кеңесші Асел Исмаханбетова.
Биыл 162 түлек Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен қоштасады. Қазіргі таңда 12-сынып оқушылары өз мүмкіндіктерін сынап, білім гранттары үшін бәсекеге түсіп жатыр. Жалпы білім ордасындағы 70-тен аса түлек Назарбаев Университетіне оқуға өтінім тапсырған болатын.
«Аталған университетке түсетін балалардың саны әлі де артады деп отырмыз. Өйткені жоғары оқу орны ерте түсімді ғана қарастырып, грант беру туралы шешім қабылдады. Әлі өтінімдер қаралу үстінде», - дейді Асел Бахитқызы.