Маңғыстау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар тіркелген жоқ. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев мәлімдеді.
Кеше түнде 70-ке жуық ҚР азаматы Ыстамбұлдан Ақтауға ұшып келді. Маңғыстау облысының 14 тұрғыны «Тәжен» шекаралық бақылау бекеті арқылы Өзбекстаннан келді. Барлығы тексерілген соң, арнайы көліктермен Ақтауға жеткізіліп, карантинге жатқызылды. Сараптама қорытындысы теріс нәтиже берген жағдайда үйлеріне карантинге жіберіледі.
Сондай-ақ 24 наурыз күні Қарағанды қаласына Варшава қаласынан студенттер келген болатын. Олардың алтауы – Маңғыстау облысынан. Қарағандыға келген бойда вирусқа тексеруден өтіп, теріс нәтижелі жауап алды. Бүгін Ақтауға жеткен студенттер қайта тексеруден өтті, үйлеріне жіберілді. Енді 14 күн үйлерінде карантинде жатады. Студенттерден сыртқа шықпауға қолхат алынды.
Қазір аймақта індеттің алдын алу мақсатында кешенді шаралар атқарылып жатыр. 70 төсек орын инфекциялық ауруларды қабылдауға, 280 төсек орын провизорлық тексеру жасау үшін, 600-ге жуық төсек орын карантинге жатқызуға дайын. Бүгінгі күні 100-ге жуық адам ауруханаларда карантинде жатыр. 400-дей тұрғын тексеріліп, карантиннен шықты.
Аймаққа келген кез келген тұрғын әуежайда, теміржол вокзалдарында, автожолдарға қойылған бекеттерде медициналық тексеруден өтеді, дене қызуы өлшенеді.
Әр аймақта адам ағзасынан Covid-19 инфекциясын анықтайтын вирусологиялық зертхана бар. Облыста сараптама жасайтын құралдар жеткілікті. Барлығы тегін жасалады.
Медицина қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлер егер қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген тұрғын болса, бірден жергілікті емханаға немесе CALL-орталықтарға телефон шалуы қажеттігін айтады. Учаскелік дәрігердің кеңесінен соң, қажет болған жағдайда жедел-жәрдем жіберіледі. Емханаға немесе ауруханаға барудың қажеті жоқ.
Коронавирустық инфекциясына қатысты сұрақтар бойынша қалалар мен аудандардағы CALL-орталықтар : Ақтау - 8 (7292) 33-67-00; Жаңаөзен - 8 (72934) 4-82-60: Бейнеу - 8 (72923) 22-0-41; Қарақия - 8 (72937) 21-3-07; Маңғыстау - 8 (72931) 2-14-51; Мұнайлы - 8 (72924) 46-62-16; Түпқараған - 8 (72938) 22-7-94
Дәрігерлер сақтық шараларын қатаң сақтауды, жеке бас гигиенасын сақтап, көпшілік жиналатын жерлерге бармауды, қажет болмаса үйден шықпауды ескертеді.