Полиция департаментінің қызметкерлері облыстық қан орталығына барып, ерікті түрде қан тапсырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бүгін Ақтау қалалық полиция басқармасы патрульдік қызмет батальоны мен Мұнайлы аудандық полиция бөлімі патрульдік қызмет ротасының қызметкерлері донор болды. Олар Маңғыстау облыстық қан орталығының директоры Рафаэль Сарсамалиевтың қан жетіспеушілігі жайлы айтқан мәлімдемесінен кейін қан тапсыруға ниет білдірген.
«Бiз қызмет барысында жол-көлiк оқиғасына тап болған адамдардың ауыр жағдайда жатқанын көремiз. Сол себепті қан орталығына қан тапсырып, адам өмірін арашалауға көмек көрсеткіміз келеді», - деді Ақтау қаласы ПД ЖПБ командирінің орынбасары, полиция капитаны Ерлан Отаров.
Полиция қызметкерлері әуелі талдаулар тапсырып, дәрігерлік тексеруден өтті. Содан кейін қан алу аппараты арқылы донор болды.
«Полиция қызметкерлері үнемі донор болып келедi және азаматтарды бұл жағдайға бей-жай қарамауға шақырамын», - деді Мұнайлы ауданы ПБ патрульдік полиция қызметі ротасы командирінің орынбасары, полиция капитаны Асқан Қадырчаев.
Еске сала кетейік, жақында аймақтағы қан орталығына келетін донорлар санының азайғаны жөнінде Маңғыстау облысы қан орталығының директоры Рафаэль Сарсамалиев айтқан болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА