Бұл туралы Маңғыстау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау облысында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі «Сам» және «Бейнеу» атты екі мемлекеттік мекеме бар.
«Сам» орман мекемесі Бейнеу ауданының, ал «Бейнеу» орман мекемесі Бейнеу мен Маңғыстау аудандарының аумағында орналасқан. Орман қорының негізі – қара сексеуіл өсінділері. Жылына 300 гектар жерге қара сексеуіл тұқымдары егіледі.
Соңғы үш жылда 300 гектар егілген жерден 2017 жылы 148 гектар, 2018 жылы 52 гектар, 2019 жылы 280 гектар орман жамылғысы орман қоры жеріне қосылды. Екі мекеме де Үстірт қыратының үстінде: Сам орманы - Бейнеу ауданының солтүстік-шығыс бөлігінде Арал теңізіне жақын, ал Бейнеу орманы - Бейнеу ауданының оңтүстік бөлігі мен Маңғыстау ауданының солтүстік бөлігіндегі, жылына 120-170 мм атмосфералық ылғал түсетін, шөлді алқапта орналасқан.
Әрбір сексеуіл жылына атмосфераға 500 келі таза оттегін шығаратынын ескерсек, сексеуіл орман алқаптарының өңірде қолайлы климат жасауға және экологиялық жағдайды жақсартуға ерекше үлесі бар. Аталмыш екі мекеме жыл сайын «Ағаш кесу және орман билетін беру» мемлекеттік қызметін көрсетеді. 2019 жылы 43 орман билеті жеке шаруа қожалықтарына орман қорында жайылымдылық жерден мал жаюға берілді.
Ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі «Бейнеу» және «Сам» мекемелерінің өкілдері полицейлермен бірлесе отырып өткен жылы 100 рейд, оның ішінде бірлескен 7 рейдтік шараларға қатысқан.
2019 жылы орман шаруашылығын дамыту бағытында Маңғыстау облысы әкімдігінің ормандарын молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың 2019-2030 жылдарға арналған қадамдық жоспары Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліп, облыс әкімімен бекітілген. Өрт қаупі маусымына дейін орман алқабына жақын орналасқан шаруа қожалықтарына өрт қауіпсіздігі жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.